Ақтауда депутат Ербол Айтуов пластикалық отадан кейін көз жұмды. Депутаттың өліміне қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Марқұмның әйелі дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптап отыр, ал клиника басшылығы өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарған.
Ербол Айтуов иек тұсындағы артық майды алдыру үшін өткен айда жекеменшік клиникада ота жасатпақ болған. Алайда анестизиядан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, кейін комаға түскен. Бір айға жуық есін жимай, ауруханада көз жұмған. Марқұмның жұбайы болған жағдайға жеке медициналық орталықты кінәлап отыр.
"Оның организмінде медициналық қарсы көрсетілімдер мен ауруы болған, алайда талдаулары толық тексерілмеген. Қандағы қант құрамы жоғары болғандықтан, мұндай жағдайда хирург оны отаға алмауы керек еді. Сондай-ақ, анестезиолог наркоз салмас бұрын, тіпті екі күн бұрын сұхбат жүргізіп, оның денсаулық жағдайын білуге тиіс болатын. Бірақ бұл шаралардың ешқайсы жасалмаған. Біздің басты талабымыз - кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту", - деді жәбірленуші тараптың адвокаты Алдирза Қуанышкереев.
Клиника өкілдері әлеуметтік желіде тараған ақпараттың кейбірі шындыққа жанаспайтынын айтқан. Соның ішінде "клиника лицензиясыз жұмыс істеді" деген ақпаратты да жоққа шығарған.
"Отаға дайындағаннан кейін наркоз беріледі. Содан кейін ғана отаға кірісеміз. Наркозға бергеннен кейін мониторға көзім түсіп кетті. Қан қысымы 210-220-ға көтеріліп тұрды. Сол себепті ота жасауға болмайтынын айттым. Жарты сағат, 40 минут, 1 сағат бойы қан қысымы түспеді", – деді медицина орталығының бас дәрігері телеарнаға.
Қазір бұл дерек бойынша тексеріс жалғасып жатыр. Соңғы нүктені тергеу қорытындысы қояды.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда иек астындағы майды алдыруға барған депутат қайтыс болғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!