Маңғыстауда иек астындағы майды алдыруға барған депутат қайтыс болған

Маңғыстауда иек астындағы майды алдыруға барған депутат қайтыс болған
Фото: instagram.com/mangystau_maslikhat

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы жеке клиникада жасалған пластикалық отадан кейін қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stan.kz-ке сілтеме жасап.

Мәліметке сүйенсек, депутат липосакция әдісімен иек астындағы артық майды кетіру үшін жеке клиникаға жүгінген. Ота 4 сәуірде жасалған.

Марқұмның жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, ота кезінде ер адамның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп кеткен, осыдан кейін ол инсульт алған. Ербол Айтуов бір ай бойы комада жатып, сол күйі оянбаған.

Әйелінің сөзінше, анестезиолог тыныс алу аппаратына қосу үшін арнайы түтікті сала алмай, тамағына зақым келтіріп алған. Кейін талдау анализдері толық болмағаны да анықталған. Науқастың қанындағы қант мөлшері 11 ммоль/л, яғни нормадан жоғары болған.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті клиникаға тексеріс жүргізілгенін мәлімдеген. Департамент мәліметінше, клиникада заңбұзушылықтар анықталған. Оның ішінде медициналық құрылғылармен толық жабдықталмағаны, ота залындағы медициналық құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені, анафилактикалық шокқа қарсы арнайы аспаптар жоқ екені тіркелген.

Комитет науқас отаға дейін толық тексерілмегенін де анықтаған. Тексеріс нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 464-бабы бойынша хаттама толтырылған. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал блогер Сәуле Базархан кенет көз жұмғаны, қайғылы оқиғаның себебі қызу талқыланып жатқаны хабарланды. Желіде блогердің өліміне қатысты түрлі болжам да айтыла бастады. Кейбір желі қолданушылары "қайғылы жағдай пластикалық отамен байланысты болуы мүмкін" деген де пікір айтқан. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмады. 

Кейінірек марқұмның келіні ол 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде анестезиямен жасалған жоспарлы липосакциядан кейін көз жұмғанын айтты. Алматы Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget