Отбасын құрып, неке қиюға ниеттенген қыз бен жігіттің арасында "қалыңмалдан" басқа мәһр де бар. Неке қияр алдында күйеу жігіт қалыңдығына белгілі мөлшерде сый төлеуі керек. Мәһр мөлшері қандай? Ол қалай төленуі керек және оның қандай түрлері бар? Бұл туралы Massaget.kz тілшісі материалында.
Мәһр - неке қиғанда әйелге берілетін сый. Ол әйелдің мүлкі саналады, оған ешкімнің қол сұғуға құқы жоқ. Бірақ мәһр уәжіп саналады, яғни неке шарттарынан емес, неке мәһрді атамай-ақ, қиыла береді.
"Мәһр - ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай қалыңдықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһрді беріп, қалыңдықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһр ер-азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалыңдығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалыңдығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды", - делінген Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында.
Мәһр құны
Ханафи мәзхабы бойынша, мәһр құны - 10 дирхам күміс ақша. Бір дирхам - 14 карат немесе 3 грамм күміс, Сонда жалпы 32 грамм күміс, 4 грамм алтын, шамамен 60-100 мың теңге. Бұл мәһрге тағайындалатын аз мөлшер, ал оның шегі жоқ. Егер қалыңдық 10 дирхамнан аз ақша немесе сыйлық сұраса, күйеу жігіт 10 дирхамға толтырып беруі керек. Имам Құдуридің "әл-Китабында" егер әйел 5 дирхам тұратын жүзік сұраса, күйеуі сұраған жүзігімен қоса, 5 дирхамын қосып беру керек делінген.
Бірақ дінтанушы Абдусамат Қасым Мұхаммед Пайғамбардың "Әйелдердің ең хайырлысы - мәһрі жеңіл болғаны" сөзін келтіріп, "пәтер", "көлік" деп мәһрін шарықтатпағаны дұрыс дейді. Ол, әсіресе, кең етек жайған "қалыңмал" дәстүрін барынша жеңілдеткен дұрыс деп санайды.
Сондай-ақ, жігіт пен қыз келісе отырып, "қалыңмалды" мәһр деп атауға рұқсат етіледі. Ал қыз мәһр мөлшерін азайта немесе мүлде одан бас тарта алады. Мұндай жағдайда ер адамнан мәһр беру парызы алынады. Бұл туралы Бауыржан Әбдуәлінің "Отбасы ғылымхалы: Мәһр мәселесі" дәрісінде айтылған.
Мәһр әйелдің келісіміне қарай, ақша немесе зат болуы да мүмкін. Мәһрдің маңызы туралы Құранда ("Ниса" сүресі, 24-аят) баяндалады. Мәһр қалыңдыққа берілетін түрлі бағадағы құн ғана емес, керісінше қоғамдағы әйелдің беделі және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуірде арабтарда "Ниһлә" деп аталатын қыздың құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын. Ал исламда әйел адам мәһрдің құнын өзі белгілеп, өзі жұмсайды. "Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһр берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар" ("Ниса" сүресі, 20-аят).
Мәһр түрлері
Мәһр муғажжәль - неке қию барысында, уақытылы берілген мәһр түрі.
Мәһр му'әжжәль - екеуара келісіп, сыйды болашақта беруді жоспарлау, уақыты кейінге қалға мәһр түрі. Бірақ мәһр нақты күнге белгіленсе, келісілген күні берілу керек. Шариғатта ерлі-зайыпты арасында мәһр беру күнін созуға рұқсат етілген, бірақ ажырасқан не ерлі-зайыптының біреуі өмірден озса, онда уақытын кейінге қадыруға болмайды. Ажырасқан болса, сол күні, ал әйелдің күйеуі қайтыс болса, оның мүлкі мәһр ретінде әйеліне қалуы керек.
Мәһр туралы Құранда былай делінген:
"...оларға некелесу шартымен тиісті малын төлеңдер" ("Ниса" сүресі, 24-аят). "Әйелдердің мәһрлерін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге мәһрдің бір бөлігін берсе, одан сіңімді түрде жеңдер" ("Ниса" сүресі, 4-аят).
Ислам дінінде әйел адамға өз өмірінде үлкен маңызға ие болатын тұрмыс құру мәселесінде оған тең құқықтар береді. Мәһр - соның бір көрінісі. Сондай-ақ, ол адал некенің белгісі. Ертеде мәһр әйелге күйеуімен ажырасып немесе күйеуі қайтыс болған жағдайда өзін асырауға көмек болған.
Еске салайық, бұған дейін мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың оқиғасы Желіде дау туғызғанын жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!