Мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың оқиғасы Желіде дау туғызды

Мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың оқиғасы Желіде дау туғызды
Фото: elements.envato.com

Драматург Сая Қасымбек Facebook-парақшасында имам алдында мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың оқиғасын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Оқиғаны іздемеймін, оқиға мені іздеп табады", - делінген жазбасында.

Сая Қасымбектің айтуынша, қыз бен жігіт некелесу үшін мешітке барған. Имам қыздан мәһрге не сұрайсың дегенге, қыз қымбат Hummer көлігін атаған. Болашақ жарының қымбат көлік сұрағанына жігіт үнсіз орнынан тұрып, "той болмайды" деп, ешкімге қарамай шығып кеткен. Жігіт достарының бірі қыздың "ойнап айттым" дегенін естіген, ал жігіт "Құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес" деген жауап қайтарған. 

"Сәке, қыз тумадым деп өкінбе. Мисыз қыздың барынан - жоғы. Ел-жұртқа масқара болдым. Қалталы, ақылды күйеуді Құдай берудей-ақ беріп еді, қыз ақымақ болса қиын екен", - деп қыздың анасы өкпесін айтқан.

"Қыздарым-ау, әлгі мәһр дегенге жөнсіз дүние сұрамай-ақ, жақсы жігіт екенін көрсең тиіп алсаңдаршы. Саналы жігіт өзі-ақ отбасы жүгін мойнына алады. Жас кезінде қиналғанымен, уақыт өте байып, шалқып жүрген қаншама тату отбасылар бар десеңші! Солардан неге өнеге алмасқа? Өмірдің ащы-тұщысын бір кешкен жұп, рақатын да бірге кешеді ғой. Осы мәһр дегенді тоқтату керек-ау?" - деп жазған Сая Қасымбек. 

Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі қыздың қымбат сыйлық сұрағанын, енді бірі жігіт болашақ жарының еркелігін көтере алмағанын сынға алды. Сондай-ақ, пікір қалдырғанның көбі мәһр арабтың салты, қазақта ерте кезде мұндай дәстүрдің болмағанын жазған.

"Қап-ай! Молдалар кінəлі. Қазақта жоқ нəрсені неге айтады?" "Мәһрдың қазаққа қатысы жоқ деп имамдар да айтты ғой", "Қыздың ашкөздігі кінәлі. Оған несіне мұсылманның салтын кінәлайды?", "Махр - арабтың салтты", "Ақылы бар жігіт екен", "Ұят-ай! Құдай бетін ары қылсын!", "Жігіт те бір дүлей екен. Шықпағаны дұрыс болған", "Жастық, еркелік қой. Болашақ жарын сынап көргісі келген болар", - деп пікір қалдырған Желі қолданушылары.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек