- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызылорда облысында жасөспірімді...
Қызылорда облысында жасөспірімді соққыға жыққан күдіктілер анықталды
Қызылорда облысы Әйтеке би кентінде 16 жастағы жасөспірімді соққыға жықты деген күдіктілер анықталды. Полиция мәліметінше, "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалған. Алайда жәбірленушінің анасы бұл шешіммен келіспейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарап, қоғамдық резонанс туғызған болатын. Соққыға жығылған Қуандық қазір ауруханада, жағдайы ауыр. Анасының айтуынша, оқиға 6 сәуірде түскі екі шамасында болған. Ол сабақтан қайтқан ұлын бір топ бала саябаққа шақырып, еш себепсіз ұра бастағанын айтады. Оны бір танысы көріп, таксиге мінгізіп жіберген. Бала үйге жеткен соң, талықсып құлаған.
"Жалған ақпарат таратқан, қылмыс істегендер заңды түрде әділ өз жазаларын алсын деймін. "Бұзақылық" бабына келіспеймін, бұл - қылмыстық бап. Өйткені баламды көрген сайын қан жұтамын. Ана видеоны көрген сайын жүрегім шыдамайды", - дейді Қуандықтың анасы Ақмарал Төлегенова.
Қуандық кішкентайынан таэквандомен шұғылданған. Әлі күнге денсаулығына шағым айтып көрмепті. Ақ халаттылардың айтуынша, ауыр соққыдан жасөспірімнің бас-миына зақым келген.
"Баланың жағдайы әлі де ауыр. "Субдоральді гематома" дейді. Бүгін қайта компьютерлік томаграфия жасағанда бас ішінде қан жиналып жатқаны анықталды. Қызылорда облыстық балалар ауруханасынан нейрохирург пен реаниматолог шақырылды", - деді Қазалы Төтенше жағдайлар ауруханасының бөлім меңгерушісі Сәдуақас Ахмет.
Бұл оқиғаға қатысты Желіде түрлі ақпарат тарап жатыр. Құзырлы органдар қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Тергеу басталып, күдіктілер анықталған.
"3 күдікті қазір Қазалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Бұзақылық" бойынша тіркелді", - дейді Қазалы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Тұрман.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Қызылорда облысында жасөспірімнің аяусыз соққыға жығылғаны түсірілген видео тараған болатын. Видеода екі адамның жерде жатқан жігітті ұрып жатқаны көрсетілген. Олар жігітке "ұйықта" деп тепкінің астына алған. Кейін дәрігерлер Қызылорда облысында аяусыз соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайын айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 15 жастағы студент жедел жәрдеммен ауруханаға 6 сәуірде жеткізілген. Ол бас-ми жарақатын алған.
Бұл дерек Қазалы аудандық полиция бөлімінің соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелген.
Қызылорда облысында аяусыз соққыға жығылған жасөспірім туралы жаңа деректер айтылды
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова