“Қыз қатты айқайлағанын естідім“. Нұрай ісіндегі басты куәгер сол кеште не болғанын айтты

“Қыз қатты айқайлағанын естідім“. Нұрай ісіндегі басты куәгер сол кеште не болғанын айтты
Фото: Tengrinews.kz

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта басты куәгер жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгер не деді?

Сот отырысы шабуылдың кездейсоқ куәгері - И.Б.-дан жауап алудан басталды. Жауап алынар алдында әйел айыпталушыдан қатты қорқатынын айтып, судьядан оны залдан шығаруды сұрады. Сот оның өтінішін қанағаттандырды.

"11 қаңтарда шамамен сағат 18:10-18:15-те жұмыстан қайтып келе жатқанмын. Жолшыбай дүкенге соғып, үйлердің маңынан өтіп бара жатқанда, қыз қатты айқайлағанын естідім. Аулаға кіреберіске жақындағанда айқай қайталанды, біреуді соққыға жығып жатқандай сезім болды", - деп еске алды сотта И.Б.

Әйелдің айтуынша, сол сәтте оның қасынан бір жігіт жүгіріп өткен. Жамандықты сезген ол жігітке полиция шақыратынын айтып айқайлаған.

"Ол кілт бұрылып, кері қарай жүгірді. Сол кезде жерде жатқан қызды көрдім. Жігіт оның қасына барып, күртешесінің қалтасынан болар, пышақ шығарды, қызды екі-үш рет пышақтады. Ол жерде мен және бірнеше метр жерде басқа бір әйел тұрды. Қатты қорыққанымнан бірнеше секундқа қатып қалдым, қимылдай алмадым. Содан кейін бұрылып, үйге қарай қаштым", - деді әйел.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Мән-жайы

Айыпталушы - 28 жастағы Ш.А. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып отыр:

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
  • 125-1-бап - "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
  • 115-1-бап - "Сталкинг".

Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.

Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.

2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Massaget.kz жаңалықтар сайты (@massaget.kz)

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget