- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қытайда заңсыз iPhone...
Қытайда заңсыз iPhone шығаратын фабрика жабылды
Арамызда білместікпен iPhone смартфонының көшірмесін (сапасыз нұсқасын) сатып алғандар бар болар. Осыдан бірнеше жыл бұрын смартфондардың түпнұсқасы мен оның көшірмесін ажырата алмайтын адамдар көп болатын. Дегенмен бүгінде оның сапасын айыра алатындар саны артып келеді. Сәйкесінше көшірмесін ажырату да күрделі бола бастады.
Apple шығаратын өнімнің көшірмесі көбіне Қытайда құрастырылатыны белгілі. Ол арзан әрі сапа жағынан нашар болады. Қытайда жақында осындай заңсыз жұмыс істейтін фабрика анықталған.
Қытайлық ерлі-зайыпты Бейжің қаласының солтүстігінде заңсыз смартфон құрастыру цехін ашқан. Олар алты құрастыру бағытын іске қосып, 100-ден астам адамды жұмысқа алған. Фабрика сырт көзге iPhone смартфондарын жөндейтін орталық ретінде белгілі болған.
Reuters ақпаратына сүйенсек, фабрика бүгінге дейін 19 миллион АҚШ доллары құнына тең 41 мың iPhone көшірмесін шығарған. Ал полиция қызметкерлерінің тінтуі кезінде 1400 дана смартфон мен әртүрлі мобильді аксессуарлар тәркіленген. Енді заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар интеллектуалды жекеменшік пен тауар белгісін қолдану тәртібін бұзғаны үшін сот алдында жауап береді.
Ж. Өрісбай