“Қыркүйек“ немесе “қыргүйек“: министрлік өкілдері желідегі дауға тағы да жауап берді

Қазақстанда "қыркүйек" сөзі қалай дұрыс жазылатыны туралы дау әлі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде "қыркүйектің" жазылуына байланысты қызу пікірталас туындаған. Көпшілік оқушылардың дәптерлері мен оқулықтарында үйреншікті "қыркүйек" сөзі "қыргүйек" болып түзетіле бастағанын байқаған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері "қыргүйек" нұсқасы 2013 жылғы қазақ тілінің орфография сөздігінде бар екенін хабарлады.

Сонымен қатар, министрлік бұл сөздікке сілтеме жасау 2026 жылы "қыркүйек" сөзін "қыргүйек" деп өзгерту туралы жаңа ереже енгізілгенін білдірмейтінін мәлімдеді. Яғни министрлік биыл бұл сөздің жазылуын арнайы өзгертіп, оны жаппай "қыргүйек" деп қолдануға көшкен жоқ.

"Кейбір сөздердің жазылуына мұндай өзгерістер енгізу үшін тек республикалық орфографиялық комиссия бекітетін қазақ тілінің орфография ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бүгінде қазақ тілінің орфография ережелерінде ресми түрде мұндай өзгерістер жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Бұл жауаптан мынадай қорытынды жасауға болады: орфография ережелеріне өзгерістер енгізілмейінше, үйреншікті "қыркүйек" нұсқасы ресми болып қала береді. Ереже өзгерсе, сөздің жазылуы да соған сәйкес өзгереді. 

Еске салайық, бұған дейін де оқу жылы басталысымен әлеуметтік желіде "қыркүйек сөзі қалай дұрыс жазылады?" деген сұрақ қызу талқыланып жатқаны хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз