Оқу жылы басталысымен әлеуметтік желіде "қыркүйек сөзі қалай дұрыс жазылады?" деген сұрақ қызу талқыланып жатыр. "Қыркүйек" пе, "қыргүйек" пе? Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті өкілдері дұрыс нұсқасын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі күндері әлеуметтік желіде қыркүйек айының жазылуына қатысты бірнеше жазба пайда болды. Бұған мектепте үйреншікті нұсқаның "қыргүйек" деп жазылуы себеп болған.
"Не болып жатыр? "Қыркүйек" қашаннан бері "қыргүйек" болып кеткен?" - деп жазды жеді қолданушыларының бірі.
Threads желісінен
"Қыркүйек" пен "қыргүйек" төңірегіндегі алғашқы дау 2018 жылы басталып, кейін 2021 және 2024 жылдары қайта көтерілген болатын.
Бір қызығы, мұғалімдер балалардың дәптеріндегі "к" әрпін "г"-ге түзеп жатқанда, мемлекеттік органдар "қыркүйек" деп жазып келеді.

Telegram арналардан
Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті өкілдері бұл сауалға нақты жауап берді: "орфографиялық сөздікке сәйкес "қыргүйек" деп жазу дұрыс".
"Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген (2013 жылы жарық көрген) орфографиялық сөздікке сәйкес қазақ тілінде "қыргүйек" деп жазылады", - деді Тіл саясаты комитеті өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова