Қырғыздар су беруді тоқтатты: Су министрлігін құрсақ та мәселе шешілмейді - сарапшы

Қырғыздар су беруді тоқтатты: Су министрлігін құрсақ та мәселе шешілмейді - сарапшы
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Астанада сарапшылар ауызсу тапшылығы мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордада "Байтақ" партиясының ұйымдастырумен "Ауызсу және су ресурстары" деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Жиында жергілікті және халықаралық сарапшылар су мәселесіне қатысты өз ойын ортаға салды.

Қырғыз елі су беруді тоқтатқан соң Жамбыл облысының шаруалары егінін суғара алмай отыр. Халықаралық сарапшы Ерлан Бадашевтың айтуынша, көршімен арадағы су мәселесін шешу үшін жауапты сала басшылары "ағылшынша" сөйлеседі.

"Қазақ айтатын "жер дауы, жесір дауынан" кейін ең өзекті мәселенің бірі су дауы деп білемін. Жер белгілі, мемлекет болғаннан кейін шекарамыз белгіленген, ал суда шекара жоқ. Су барлығымызға ортақ, Алла Тағала бөліп ішсін деп адамдарға суды берді. Биыл болып жатқан су тапшылығы тарихта болмаған екен. Бұл салада қырық жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Совет үкіметі кезінде Таластың 50 пайыз суы біздікі, қалған 50 пайызы қырғыздардыкі, Шудың 80 пайызы біздікі, қалған 20 пайызы қырғыздарға қарайды деп келісілген. Ал Киров су қоймасының 80 пайызын біздің шаруалар пайдаланатын. Қазір біз су мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін өзбекпен өзбекше, қырғызбен қырғызша, тәжікпен тәжікше сөйлесуіміз керек. Ал біз олармен Совет үкіметіндегідей орысша сөйлесе алмаймыз. Бір қызығы біздің мамандар олармен "ағылшынша сөйлеседі". Барлық мәселе осында жатыр. Мен сізге образды түрде айтып жатырмын. Сушы сияқты сөйлеспейді. Жуырда туған жерім Қазалы ауданына барғанда имам "Алла Тағала бізге Сырдария мен Аралды көршілес ағайындармен "бөліп ішсін" деп берді. Біздің мамандар көршілермен келісіп, су мәселесін шешуге болады ғой" деп айтты. Ел мұны жақсы түсініп отыр. Өкінішке қарай, оны жоғары жақтағылар дұрыс түсінбейтін сияқты", - дейді ол.

Жиында Азаматхан Әміртай Су ресурстары комитетін Президентке бағынатын агенттік ретінде құруды ұсынды. Ал Ерлан Бадашев болса, су министрлігін құрғанмен мәселе шешілмейтінін ескертті.

"Әңгіме су министрлігінде тұрған жоқ. Мәселен шет елде Бақыт министрлігі деген бар. Қазір біз Бақыт министрлігін құрсақ, бақытты болып кетеміз бе? Су министрлігін құрғанмен мәселе өздігінен шешіліп кетпейді. Бұл жерде ең басты мәселе мамандарды дайындап, қазір жазылып жатқан Су кодексі туралы заңды дұрыстап бекіту керек. Сондай-ақ, суды пайдалану стратегиясы қабылдану керек. Әлі күнге дейін суды пайдалану стратегиясы қабылданған жоқ" - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін де сарапшылар Орталық Азияда су үшін соғыс болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Ауызсу мәселесі өршіді. Орта Азиядағы су тапшылығы алдағы уақытта Қазақстанға қалай әсер етпек?

Cонымен қатар, судан тарыққан Жамбыл облысының шаруалары төтенше жағдай енгізуді сұраған еді.

Серік Құдайбергенұлы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz