Ауызсу мәселесі өршіді. Орта Азиядағы су тапшылығы алдағы уақытта Қазақстанға қалай әсер етпек?

Ауызсу мәселесі өршіді. Орта Азиядағы су тапшылығы алдағы уақытта Қазақстанға қалай әсер етпек?
Фото: pixabay.com

Кейінгі кездері Қазақстанда суға қатысты проблема көп байқалып жүр. Алыс ауылда емес, тіпті мегаполистерде су беру тоқтап, халық бірнеше күн сусыз отырған кездер болды. Мамандар еліміздегі су тапшылығы жайлы не дейді? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

"Зеленое спасение" экологиялық ұйымының төрағасы Сергей Куратов су мәселесі - әлемдік деңгейдегі проблема.  

"Әлемнің барлық елінде ауызсу мәселесі байқалып жатыр. Әсіресе Еуропа, Африкада байқалады. Бұл әлемдік деңгейдегі проблема. Сонымен қатар, Қазақстанда, оның ішінде Алматыда қаланың бақылаусыз өсуі жүріп жатыр. Бұл аумақта Алматыдағыдай үлкен халыққа көмектесетін жеткілікті экологиялық ресурстар жоқ. Ең алдымен - судың жетпеуі. 

Су балансы Алматыдағы тұмша әсерінен де бұзылады. Себебі тұмша мұздықтарды басып қалады. Ол мұздықтардың тез ери бастауына әкеледі. Әрине, жалпы әлемдік үрдіс те әсер етеді. Бұл планетада температураның көтерілуіне әкелетін климаттың жылынуы. Әрине, қалаларда да, ауылдық жерлерде де су ұтымсыз пайдаланылып жатқанын ескеру қажет", - дейді Сергей Куратов. 

Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының өкілдері де су тапшылығына қатысты өз ойларын бөлісті. Институт мәліметінше, соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан аумағы бойынша тұщы жерасты суларының болжамды ресурстарының шамасы орташа көпжылдық ағын кезінде пайдалануға болатын жерүсті сулары ресурстарының шамасымен салыстыруға болады.

"Бұл ретте Қазақстанда болжамды ресурстардың тек 25 пайызы зерттелген. Жерасты суларының ресурстары ел аумағында біркелкі бөлінбейді. Тұщы жерасты суларының ең үлкен ресурстары (59 пайыз) оңтүстік өңірде: Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланған. Ең азы - Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарында. Демек, соңғысында жерасты суларының тапшылығы байқалады.

Ел аумағында жерасты сулары ресурстарының біркелкі бөлінбеуі құрылымдық-геологиялық құрылымның, гидрогеологиялық және климаттық жағдайлардың ерекшеліктерімен алдын ала анықталған", - дейді мамандар. 

Институт мамандарының сөзінше, тұщы су жеткіліксіздігі су ресурсы жетпейтін елдерде ғана емес, сонымен қатар, халық пен экономикасы өсіп жатқан елдерде бар. Салдарынан су сұрыпталуының артуы және су ресурстарының ластануы байқалады.

"Қазақстан жайлы айтар болсақ, өзен ағынының көлемі бойынша біз планетаның ең аз сумен қамтамасыз етілген елдерінің қатарына жатамыз. Оған себеп - еліміздегі бірнеше өңір Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан секілді көрші елдердің су шаруашылығына тәуелдіміз. Себебі олардың аумағынан Ертіс, Сырдария, Жайық, Іле және тағы басқа қуатты су ағындары ағып жатыр. Бұл ретте Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында жергілікті жерүсті ағыны жоқ. Осыған байланысты маусымдық және антропогендік әсерге аз ұшырайтын жерасты суларын пайдалану арқылы тұщы су тапшылығы болмауы мүмкін", - деп түсіндірді мамандар. 

Сонымен қатар, институт мамандары Қазақстанда болашақта су тапшылығы проблемасы болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. 

"Таяу болашақта тұщы жерасты суларын олардың едәуір қоры бар аудандардан халықты ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін тұщы су тапшылығы бар өңірлерге көшіру туралы мәселе туындауы мүмкін. Жерасты суларын су құбырларымен айтарлықтай қашықтыққа тасымалдаудың мұндай тәжірибесі бірқатар елде бар. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақтөбе облысында басталып кеткен, онда Атырау қаласы мен Атырау облысының елді мекендері үшін жерасты суларын тасымалдау үшін Көкжиде кен орны (ұзындығы шамамен 350 шақырым су құбыры) қайта қаралды. Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысын сумен жабдықтау үшін Ақтөбе облысында орналасқан Солтүстік Айшуақ кен орнының қорларын қайта қарап шығуды ұсынамыз (ұзындығы шамамен 800 шақырым су құбыры).

Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан Павлодар облысынан су ала алады (Астана қаласына дейін шамамен 400 шақырым, одан кейін Петропавлға дейін тағы 380 шақырым). Қарағанды облысының Балқаш, Қарағанды қалалары бар орталық аудандары Ақсу, Молалы және Қаратал кен орындарының жерасты суларымен қамтамасыз етілуі мүмкін (су құбырының ұзындығы Қарағанды қаласына дейін шамамен 900 шақырым)", - дейді мамандар. 

Институт мамандары Қазақстанда гидрогеология саласын дамыту үшін бірнеше ұсыныс жасады. 

"Біріншіден, жерасты суларының ресурстары мен химиялық құрамының қалыптасуын зерттеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді жандандыру керек. Екіншіден, жерасты суларының мемлекеттік мониторингін күшейту. Жерасты сулары ресурстарының жай-күйі үнемі үздіксіз бақылауды қажет етеді. Мониторинг деректерінсіз жерасты суларын ұтымды пайдалануды тиімді басқару мүмкін емес", - дейді мамандар. 

Сонымен қатар, институт өкілдері кадр мәселесі де маңызды екенін айтады. 

"2007 жылдан бері 15 жылдай гидрогеолог мамандар шықпады. Бұл кадр жетіспеушілігіне алып соқты. 2021 жылы бұл мамандық қайтадан құрылды, енді гидрогеолог мамандар 2025 жылы бір-ақ дайын болады", - дейді мамандар. 

Еске салайық, бұған дейін америкалық сарапшылар Орталық Азияда су үшін соғыс болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

2012 жылы Өзбекстанның президенті, марқұм Ислам Кәрімов су үшін Орталық Азияда соғыс басталуы мүмкін деп болжап кеткен. Енді бұл мәселе Батыстың бірден бірнеше басылымында қайта қозғалып жатыр. Мысалы, америкалық Foreign Policy журналында "Су соғыстары Орталық Азияға төніп келеді" деген тақырыппен шыққан. Оның сарапшыларының пікірінше, бұрынғы жылдары су ресурстарына қатысты ахуал онсыз да нашар болатын. Алайда енді тәліптер жағдайды тіпті ушықтырып жатыр.

Басылым мәліметінше, Әмудария өзені Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп тұрғаны белгілі. Бұл дария кезінде Сырдариямен бірге Арал теңізін толтыратын. Енді Ауғанстанның жаңа билігі Әмударияны әр жерінен буып, бөгендер тұрғызып жатыр. Биыл "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) және Қытай Әмудария бассейнінің түбінде миллиондаған жылдар бойы тұнып жатқан мол мұнайды өндіруге кірісуге уағдаласты. 2023 жылғы 5 қаңтарда Ауғанстанның қазіргі билігі қытайлық CPEIC компаниясымен тиісті контрактіге қол қойды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина