Құрылтай депутаттары куәлік пен төсбелгілерін алды

Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын тіркеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, Құрылтай депутаттары тіркелді. Іс-шараға Құрылтайдың барлық депутаты қатысты. 

Нұрлан Әбдіров "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы" конституциялық заңның 44-бабына сәйкес Құрылтай депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталатынын айтты.

www.election.gov.kz

"Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталды. Енді сіздер - Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган - Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутатысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңі заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылды", - деді Нұрлан Әбдіров.

Іс-шара соңында Құрылтай депутаттарына куәліктер мен төсбелгілер табыс етілді.

www.election.gov.kz

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысты. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. 

Құрылтай сайлауының нәтижесі

25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша қорытынды нәтижені жариялады. Партиялар Құрылтайға өтуі үшін жалпы дауыс берушілер санының кемінде 5 пайызын жинауға тиіс болатын.

Құрылтайға бес саяси партия өтті. Мандаттар былай бөлінді:

  • "Әділет" партиясы - 110 мандат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 8 мандат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10 мандат;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 8 мандат;
  • Respublica партиясы - 9 мандат.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!