Бішкектің Первомай аудандық сотында Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевке қатысты алдын ала тыңдау басталды. Ол билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kaktus.media-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, қызметкерлер мен приставтар бұл іс құпия екенін, сондықтан сот залына апаратын дәлізге де ешкімді жібермейтінін мәлімдеген.
Адвокат Икрамидин Айтқұлов бұған дейін Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің мына баптары бойынша айып тағылғанын мәлімдеді: "Билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру, сол сияқты конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер" және "Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану".
Айта кетейік, бұған дейін Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылуы мүмкін екені хабарланды. Кейін Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстаннан шығуға тыйым салынды.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!