Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті деген айып тағылды

Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті деген айып тағылды
Фото: gov.kg

Қырғызстанда бұрынғы үш лауазымды шенеунікке - МҰҚК экс-басшысы Қамшыбек Тәшиевке, бұрынғы депутат Құрманқұл Зулушевке және Жоғарғы кеңестің экс-төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекұлына (Нұрланбек Шәкиевке) ресми түрде айып тағылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.

Бұл туралы адвокат Шердор Абдыкапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, үшеуіне де бұған дейін істің басқа фигуранттарына қолданылған айып тағылып отыр.

Сөз жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға және тергеу мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті ретінде қарастырып отырған іс-әрекеттерге байланысты болып отыр.

Күш құрылымдарындағы дереккөз мәліметінше, фигуранттардан ІІМ Бас тергеу басқармасында жауап алынған. Жауап алу бірнеше сағатқа созылып, содан кейін олар ведомство ғимаратынан шығып кеткен. Ресми түрде тағылған айыптың егжей-тегжейі мен тергеу барысы жарияланбаған.

Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған еді. 

Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді. Қырғызстан президентінің айтуынша, осы шешімнің арқасында керісінше досын құтқарған. Оның сөзінше, Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатпаса, бұл мемлекеттік аппарат қызметкерлері арасында, қоғам арасында алауыздыққа әкеп соғуы мүмкін еді.

"Өйткені оның қасында жүргендер, оларды "ақсақалдар" дейміз бе, "көксақалдар" дейміз бе, әйтеуір олар досымды тура жолдан тайдырды. Олар Қамшыбек Тәшиевтің атынан Парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ, қоғамда танымал адамдарға "генералдың жағына көшіңіз" деген әңгімелер айта бастады", - деді Садыр Жапаров бұған дейін.

17 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстаннан ұшып кеткені белгілі болды. Ал 19 наурызда Қамшыбек Тәшиев Ішкі істер министрлігіне жауап алуға жеткізілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget