Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар несиені кешіктіріп төлей алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
27 шілдеде Үкіметте өткен жедел кеңесте жауын-шашын аз болған және аптап ыстықтан зардап шеккен өңірлеріндегі ахуал қаралған.
"Бәйтерек" холдингі, "Аграрлық несие корпорациясы" мен "ҚазАгроҚаржы" компаниялары құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдырудың мүмкіндігін қарастырмақшы. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің мәліметінше, дәнді дақылдардың 8,3 млн гектарында жағдай жақсы, бұл барлық ауыл шаруашылық дақылдарының тең жартысы, ал 7,2 млн гектар, яғни 43,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жиында Ербол Тасжүреков сондай-ақ, 2022-2025 жылдарға арналған жемшөп өндіру саласын дамыту жөніндегі жол картасының орындалу деңгейі төмен екенін айтты. Әкімдіктер ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесі мен суармалы, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отыр. Бүгінде Павлодар, Ақмола мен Қарағанды облыстары аптап ыстықтың зардабын тартып отыр.
"Жемшөп дайындау деңгейі өте төмен, жылдық жоспар 25 миллион тонна болса, бар болғаны 8 млн тонна жиналды. Пішендеме дайындау жоспардың 12 пайыз, сабан 4,3 пайыз. Қыркүйек айында сабан, сүрлем және концентрлі жемді негізгі жинау жұмыстары басталатыны анық, ал қалғандары үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Өңірлерде мал азығын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жемшөп бағасын тұрақты бақылауды тапсырамын", - дейді ҚР Премьер-министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Еске салайық, кеше Павлодар облысының шаруалары дабыл қаққан болатын. Олар биыл жемшөпсіз қалуы мүмкін. Өйткені өңірді алапат өрт жалмап, екі мың гектар шабындық жер күлге айналған. Жергілікті шаруалар мемлекеттен көмек сұрап отыр. Әкімдік қолұшын созбаса шаруалар қыста мал аштан қырылатынын айтады. Алайда шенеуніктер орақ науқаны ойдағыдай болады деп алаңсыз отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!