Павлодар облысында шабындық жерлер күлге айналған: шаруалар биыл жемшөпсіз қалуы мүмкін

Павлодар облысында шабындық жерлер күлге айналған: шаруалар биыл жемшөпсіз қалуы мүмкін
Фото: видео кадры

Павлодар облысының шаруалары биыл жемшөпсіз қалуы мүмкін. Өйткені өңірді алапат өрт жалмап, екі мың гектар шабындық жер күлге айналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Сондықтан, телеарна мәліметінше, жергілікті шаруалар мемлекеттен көмек сұрап отыр. Әкімдік қолұшын созбаса шаруалар қыста мал аштан қырылатынын айтады. Алайда шенеуніктер орақ науқаны ойдағыдай болады деп алаңсыз отыр.

Май ауданындағы ауылдар мына алқаптардың арқасында өмір сүріп келген еді. Мұндағы шүйгін шөп тек жергілікті шаруаларды ғана емес, көршілес ауданның төрт түлігіне қыстай азық болатын. Алайда биыл Ертіс өзенінде су аз болып, құрғақшылық жайлады. Ол аздай екі мың гектар аумақ отқа оранып, шаруалар шабындықсыз қалған.

"Енді білмеймін қалай екенін, жер жоқ мұнда шабатын, шабындық  жер. Ақтоғай ауданынан жер алып береміз деді. Енді кеше сол тасымалдау жағын есептесек, ол шығынымыз шықпай жатыр. Көбірек кетейін деп тұр", - дейді шаруа қожалығының төрағасы Амангелді Солтанов.

Қыстың қамын жазда ойлаған шаруалар енді не істерін білмей абдырап жүр. Қолда бар малдың жартысын сатып жемшөп алайын десе оның да бағасы аспандап кетіпті. Мәселен, дайын тұрған бір орам шөп былтыр 6 мың теңге тұрса, қазір 15 мың теңгеге жеткен. Ал, қысқа қарай баға тағы да өсе түседі деген шаруалар мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр.

"Биыл Ертістің суы тасымай, жаңбыр жаумай өсімдіктің жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой қазір. Қазір шабындық басталды. Енді 35 мың центнер гектардан солай. Болашақта биыл қыста мал азығын қалай ойлап, енді өкімет қаражат бөліп, бір жақтан сатып әкеп малды асырамасақ, басқа амалын көріп отырған жоқпыз", - дейді шаруа қожалығының төрағасы Төлепберген Әубәкіров. 

Шаруалар төрт түлікті жаппай сату мәселені шешпейді дейді. Өйткені мал басын азайту арқылы тығырықтан шыққанмен, келер жылғы несиені жабуға көк тиын таппай қаламыз деп отыр. Ал, шаруаларға онсыз да бұған дейін екі миллиард теңге субсидия бердік деген шенеуніктер жемшөп қорын көбейтеміз дейді.

"Бүгінде бізде қажетті шөп қорының 5 пайызы дайын. Жалпы, гектардан орта есеппен 34 центнер шөп аламыз. Бұл әрине, жеткіліксіз. Ең шүйгін деген Тереңкөлде гектарынан 12 центнер, Май ауданында 10 центнер, ал Аққулыда небәрі 5 центнер. Егер жоспарлы тапсырма 1 миллион 400 мың тонна десек, онда 1 миллион 200 мың тоннасын дайындауға болады", - дейді Павлодар облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов. 

Биыл құрғақшылықтан дала өрті көбейгесін шаруалар өңірде төтенше жағдай режимін енгізуді сұраған. Ондай жағдайда несие төлеу мерзімін ұзартуға болады екен. Бірақ шенділер төтенше жағдай жариялаудан бас тартқан. Сондықтан, жем-шөпсіз қалдық деген шаруалар қыстан қалай шығамыз деп қамығып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина