Елжас Отыншиев "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" қоры мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Елжас Мұратұлы Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техника институтының бакалавриаты мен магистратурасын "жалпы және қолданбалы физика" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің кеңесшісі болып бастады.
2009-2019 жылдар аралығында "Самұрық-Қазына" АҚ және оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021-2023 жылдары KIDF-те басқарушы лауазымдарда қызмет етіп, инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік етті.
2023 жылғы сәуірден бастап қазірге дейін "Самұрық-Қазына" АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры - басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да секторлардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылғы ақпаннан бастап - "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
Еске салайық, бұған дейін Талғат Алдыбергенов "ҚТЖ" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кеткен болатын. Кейін ҚТЖ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Бауыржан Орынбасаров тағайындалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз