23 маусымда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысы бар адамдарға сот үкімі шықты. Айыпталушы 12 адамның ішінде танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов болды. Мейіржан Төребаев бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Әлеуметтік желіде бұл іс қызу талқыланып жатыр. Massaget.kz тілшісі танымал өнер адамдары бұл жайтқа қандай реакция көрсеткеніне шолу жасады.
Даулы іс қалай басталды?
2021 жылғы көктемде алматылықтар Төребаев, Шерниязов және Саидбаев жарнамалаған инвестициялық компанияға шағымданған болатын. Жарнама роликтердің бірінде "пайдалы ислами инвестициялар" туралы айтылады. Тіпті былтыр 11 сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасының салымшыларының бірі Нұр-Сұлтандағы ІІМ ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп жіберген болатын. Ал блогердің өзі компанияның алаяқтыққа қатысы барын білмегенін айтып, видеоүндеу жариялаған еді.
Сонымен қатар, кейінірек құқық қорғау органының өкілі блогерлер неге қамауға алынбағанын түсіндірген болатын.
"Вайнерлер бойынша 169-дан аса жәбірленуші, екі миллиард теңгеге жуық шығын барын айтқым келеді. 14 адам, оның ішінде белгілі вайнерлер, блогерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алты адам қамауға алынды, вайнер Мейіржан Төребаев кепіл бойынша жүр", - деген еді Шындалиев ОКҚ брифингінде.
Бірақ сәуірде Мейіржан Төребаев қамауға алынды. Одан бөлек вайнер Әзімжан Саидбаев та қамалды. Олар осы Mudarabah Capital қаржы пирамидасы туралы іс бойынша күдікті деп танылды.
26 желтоқсанда Төребаев босатылып, үйқамаққа алынды. Оның кәмелетке толмаған бес баланы тәрбиелеп отырғаны әрі отбасының жалғыз асыраушысы екені, денсаулығына байланысты күтімді қажет ететін қарт анасы бары осындай шешім шығуына әсер еткен.
Танымал адамдар қалай қолдады?
Сот үкіміне қатысты пікір білдіргендердің алғашқысы Мейіржанның жары блогер Дана Есеева болды.
"Үміт болды. Қазір эмоциямен тұрғанымды жасырмаймын, өйткені анам мен біздің елде озбырлық пен жүйенің не екенін бала кезден түсініп, көз жасына ерік берген балалар қасымда. Бірақ! Бұған дейін айтқанымдай, әділдік пен шындық үшін соңына дейін барамын. Бұл соңғы инстанция емес. Ең бастысы аманбыз. Тағы біраз уақыт өтсін, әділдік үшін соңына дейін жетемін. Барлық дерек пен дәлелді бірнеше рет келтірдім. Менің түсінуімше, бәрі мәнсіз. Барлығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, қанша екенімізді көрдім және сіздер маған күш бересіздер. ...Өмір біткен жоқ", - деп жазды Дана Есеева.
Журналист Мая Бекбаева да 5 жыл мерзім тым көп екенін айтып, олардың отбасына қолдау көрсеткен.
"Біздің елде зорлау, кісі өлтіру үшін 1,5 жыл береді де, жарнама үшін 5 жылға отырғызады. Бұл мүмкін бе? Мейіржанды бәрі біледі, оның отбасын біледі, не істегенін және қалай өмір сүргенін біледі! Әлбетте, ол - қаржы махинаторы емес, танымалдығын адамдарды тарту үшін пайдаланғысы келетіндерге алданған құрбан. Иә, ол қателесті! Жазалау керек, бірақ 5 жылға отырғызу, тым көп!" - деді ол.
Ал актриса Жәния Джуринскаяның пікірінше, сот әділетсіз үкім шығарған.
"Аудандық сот әділетсіз үкім шығарды!!! Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деп айыпталды, дәлелдер жоқ, негіз жоқ! Біздің сот жүйемізге не болған? Адам алданды, оның есімін пайдаланды, ол осы "тендерлік" компанияға сеніп, жарнамаға түсті. Сотта барлық дәлел болды!!! Жақсы адамның өмірін құртты. Біз берілмейміз! Апелляцияға үміттенеміз және әділеттілік үшін соңына дейін күресеміз. Бүгін жүйемізде болып жатқан барлық аласапыранды көрдік. Әйелін өлтіргені үшін ер адамға 1,5 жыл берілді, 18 пышақ жарақатын салған, ал жарнама үшін 5 жыл! Әділдік қайда?" - деді ол.
Актриса Сая Оразғалиева да осындай пікірде.
"Аудандық сот әділетсіз үкім шығарды! Мейіржанның өзі осы компанияның салымшысы болған, ал оны құрғаны үшін айыптаған!!! Адам жарнамаға бұл компания болашақта адамдарды алдайтынын білмей түсті, мұндай нәрсені білсе, осындай қадамға барар ма еді?! Бес баланың әкесі, медиа тұлға?! Неліктен кісі өлтірушілер 1,5 жылға сотталады?! Педофилдер босатылады! Әділдік қайда?! Біздің жүйеге не болған? Мұны қалай түсіндіруге болады?!" - деп жазды ол.
Әнші Луина бұл істен шет қалмады.
"Әділ апелляцияға үміттенеміз! Себебі жарнама үшін 5 жылдық колония деген - абсурд!" - деп жазды ол.
Танымал әзілкеш Марат Оралғазин Мейіржанмен ұзақ уақыттан бері таныс екенін, сондықтан сын сәтте қолдау көрсетпей қала алмайтынын айтқан.
"Мейіржан мен Мейірханға қатысты іс жалғасуда және мәресіне жетіп қалды. Әңгіменің ашығы, қаншама жыл аралас-құралас дос болғандықтан бұндай сын сәтте шет қала алмаймыз. Оған қоса қазіргі таңда іске қатысты түрлі ақпарат құралдарында асыра сілтеу, кері пікір қалыптастыру өршіп кетті. Айыптауға, жерден алып жерден салуға асықпайық, ағайын. Қазіргі таңда сот барысында Мейіржан мен Мейірханның бұл ұйымдасқан қылмыстық топты нақты ұйымдастыруға еш қатысы жоқ екені анықталды. Яғни қылмыстық топ ұйымдастырды деген айып жоқ", - деп жазды ол.
Марат Оралғазиннің сөзінше, Мейіржан мен Мейірхан қаржыға мұқтаж адамдар емес.
"Өз шығармашылығымен-ақ күн көріп, көпбалалы отбасын асырап, шаруашылығын дөңгелетіп отырған жандар. Болмашы табыс үшін, отбасын тәуекелге салатындай есерсоқ адам емес. Екеуі де көпбалалы әке, екеуі де ешкімнен көмек сұрамай-ақ өз күшімен, өз қабілетімен танымал болып, жай ғана сүйікті ісін жасап жүрген жандар. Сондықтан бұл қаржы пирамидасын "ұйымдастырды" деген айып істен алып тасталғаны барлығымызды қуантты, шыны керек. Енді қазір осы құрылымды жарнамалады деген айыппен іс жалғасуда. Өкінішке орай осындай жағдайға душар болып қалды. Көп нәрсе білместіктен болды деп есептеймін. Тіпті өздері сеніп бұл "құрылымға" қыруар ақша салып күйгені бар. Бұл ұйымның қаржы пирамидасы екенін Мейіржан мен Мейірхан тіптен білмеген деп ойлаймын. Өздері алданып қалған секілді. Бұл аты "әдемі" компания Мейірхан мен Мейіржанның танымалдылығын өз мүддесіне пайдаланып қалды. Енді олар жарнама жасағаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бұл істі тергеу барысында Мейірхан мен Мейіржан 1,5 жыл қамақта өткізіп, кінәсі болса толығымен өтеп, қатесін түсінді деген ойдамын", - деді ол.
Мейіржанды қолдағандар қатарында айтыскер Балғынбек Имаш та бар.
"Мен бұл жазбамда өнердегі бауырларым Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа араша сұрағым келеді. Мейіржан мен Дана өте үлгілі, көпбалалы отбасы. Қазақта "Отан отбасынан басталады" дейді. Мейіржан - отбасында жауапкершілігі жоғары, адал, мейірімді, үлгілі, абыройлы отағасы, ондай адам Отанына қасақана қиянат жасамайды. Иә, қателескен шығар, алданған шығар, өзі сенген соң жақындарына, оқырмандарына ұсынған шығар. Бірақ оның ойында біреуді алдау, арбау, қиянат жасау болмағаны анық. Бірнеше жыл бұрын біздің "Өнер Барысы" жобасына қатысқанда, керемет адал, намысты азамат екенін көріп, шынайылығына тәнті болғанбыз. Ұпай бойынша ұтып келе жатқан Мейіржан жекпе-жектің аяқталуына аз уақыт қалғанда айла жасап, қашқақтап жүріп ұтып кетуіне мүмкіндік бола тұра, қайсарлықпен қарсыласып, қателіктен әдіске түсіп, жеңіліп қалды. Сол кезде журналистің "Неге қашқақтап жүріп уақытты өткізе салмадың?" деген сауалына "Қашқан ұят қой" деген еді. Мейіржанда ұят та, намыс та, иман да, азаматтық та бар. Ол ешқашан өз елінің азаматтарын алдамайды, қиянат жасамайды. Осы уақытқа дейін азаматының абыройын қызғыштай қорғап келе жатқан Дана келініме шексіз ризамын. Әйел заты азаматына дәл осылай қамқор болсын! Ақ көңілдік адамның соры болмауы керек. Қылмыстық жауапкершілікке шынайы айыптылар, осы пирамиданы құрған, ақша жымқырып, табанын жалтыратып, тайып тұрғандар тартылсын. Арыстай азаматтарды түрмеге тоғытып, шеттей бала-шағаны уақытша асыраушысыз қалдырғанда мемлекетке не пайда?" - деп жазды ақын Желіде.
Еске салайық, қазақстандық танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасы схемасына қатысы бар деген айыппен қамауға алынған болатын.
@massaget.kz #мейіржантөребаев#блогер#сот#қаржыпирамидасы#пирамида#финанс#мейржантуребаев#рек#жаңалық#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Ал 2022 жылғы желтоқсанда танымал вайнер және блогер Мейіржан Төребаев тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алынды. Мұндай қаулыны Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісінің судьясы шығарды. Артынша сот Төребаевтың тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алыну себебін түсіндірді. Ресми мәлімет бойынша, сот адвокаттың Мейіржан Төребаевтың кәмелетке толмаған бес баласының болуына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырған. Дана Есеева үйқамаққа алынған күйеуі Мейіржан Төребаев қазір немен айналысып жатқанын айтты. Маусымда Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа сот үкімі шықты.
Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылды. Ал вайнерлер тек 217-бап (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!