Әнші Yenlik хабар арнасындағы "COVER SHOW 2" бағдарламасында марқұм Darkhan Juzz-дің "Ерікпе" әнін орындады. Оның ерекше орындауы жұртты елжіретті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл әншінің бағдарламада орындаған екінші әні. Ол марқұм Darkhan Juzz-ді орта буын да білсе екен деген оймен оның әнін таңдағанын айтты.
"Менің екінші әнім - жақында ғана өмірден озған досымыз, бір туар талант, Darkhan Juzz-дің әні "Ерікпе". Оны таңдаған себебім - Darkhan Juzz сияқты тума талант туралы енді ол жас болғандықтан орта буын да ол туралы білсе екен деп, соның әнін таңдап келдім", - деді әнші.
"Дархан Juzz- Ерікпе. Осы әнді тыңдағанда үнемі бір түсініксіз мұң туындайтын. Бірақ ол мұңнан сен қиналмайсың, керісінше жаның тынышталады. Ән де тура Дарханның өзі сияқты. Шынайы, қарапайым.
Әрине, Дархан Juzz-дің орындауында бұл ән ерекше. Менің орындауым көпшілікке ұнамауы да мүмкін. Бірақ ол маңызды емес. Маңыздысы - бізге қалған осындай мұраны мейлінше тарату, естірту деген ниет.
Сол ниетім орындалса менен бақытты адам жоқ", - деп жазды Yenlik өзінің инстаграм парақшасында.
Бұл орындауға халық тек жағымды пікірлер қалдырды: "Бірнеше рет тыңдадым! Әр тыңдаған сайын, тұңғиыққа алып кететін бұл ән, шын жүректен жазылып, Дархан бауырымыздың шығармашылығығының салмақты екенін көрсетеді", "Жүрекке жетті мына әуен", "Көзге еріксіз жас келді" және т.б.
Еске салайық, 24 ақпанда Darkhan Juzz лақап атымен танылған әнші Дархан Жүнісбеков қайтыс болды.
Сыртқы істер министрлігінің өкілдері әнші Дархан Жүнісбеков Таиландта жалға алған мопедімен жол апатына түсіп мерт болғанын растады.
24 ақпанда Арбатқа қазақстандық музыкантпен қоштасуға жүздеген жас жиналды. Олар марқұмның әндерін хормен айтты.
Қазақстандық õzen лейблі Дархан Жүнісбековтің жазып үлгермеген альбомы бар екенін және оны міндетті түрде жарыққа шығаратынын хабарлады.