- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қойларды қорада жайратып...
"Қойларды қорада жайратып тастаған": Алматы маңында бұралқы иттер тұрғындардың үрейін ұшырып отыр
Алматы маңындағы Көкөзек кентінде бұралқы иттер тұрғындардың үрейін ұшырып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, иттер үй жануарларына қорада тұрған жерінен шабуыл жасаған. Жақында ғана иттер аулалардың бірінде қойларды жайратып салған. Олар түнде қораға кіріп кеткен.
"Таңғы 6. Иттер жайратып салған. Міне, сарай. Міне, қошқарлар жатыр. Барлығына шабуыл жасаған. Үш қой ғана аман қалды. Екеуі бүтін, үшінші қойдың аяғы сынған. Қасқырлар шабуылдаған сияқты, бірақ иттер", - дейді қой иесі.
Көкөзек кенті Алматыдан 20 шақырым жерде, Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінде орналасқан. Кент тұрғыны Гүлбаршын Даркенбаеваның айтуынша, бұралқы иттер бүкіл ауылды қорқытып отыр.
"Олар қасқыр сияқты малға шабуыл жасайды, қораларға кіріп кетеді. Біз ауыл орталығында тұрамыз. Бізде мал аз, мал бағатын жер жоқ, айналада үйлер мен зауыттар. Бұл қаңғыбас иттерге ештеңе жасалмай отыр, ешқандай шара қабылданбайды. Жазып жатырмыз, бұл туралы бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Мал өліп жатыр. Күйеу баламның 8 қойының алтауы өлді", - деді әйел.
Ауыл әкімдігінде жабайы иттердің малға шабуылы туралы ақпарат расталды.
"Ақпарат түскен күні аудандық ветеринария станциясынан аулау бойынша мамандар бригадасы жіберілді. 19 ит ұсталды. Барлық ұсталған ит уақытша ұстау изоляторында. Бұған дейін 13 қаңтарда Көкөзек ауылында бес ит ұсталған болатын", - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Алайда, жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаңғыбас иттер ауыл көшелерінде әлі жүр.
"Әкімдік келіп, у әкелді. Ұстаушылар келеді, бірақ иттер қашып кетеді. Олар қаңғыбас иттерді енді атуға болмайтынын айтты. Олар балаларға шабуыл жасай бастай ма деп қорқамыз", - деді Көкөзек ауылының тұрғыны.
Еске салайық, бұған дейін Алматы іргесіндегі Абай ауылында иесіз ит өріп жүргені хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова