"Балаларымыз таланып жүр". Алматы іргесіндегі Абай ауылында иесіз ит өріп жүр

"Балаларымыз таланып жүр". Алматы іргесіндегі Абай ауылында иесіз ит өріп жүр

Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында иесіз ит қаптап жүр. Ауыл тұрғындары балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқып қалған. Өйткені көшедегі иттер балаларға бірнеше рет шабуылдаған, ал олардың иесі болмағандықтан, жауапқа да тарта алмайды. Тұрғындар бұл мәселені бірнеше жылдан бері әкімдік шеше алмай отырғанын айтты, есігін қағып барған кезде "Иттерді өздерің ұстап беріңдер" деген жауап естіген көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абай ауылының тұрғыны Жұлдыз Құлбарақованың қызын жуырда мектепке бара жатқан жолдағы бұрылыста ит талаған. Cол сәтте қызын жақын маңдағы өтіп бара жатқан тұрғын құтқарыпты. Әйтпесе, "Қызымның жағдайы сол кездегіден де нашар болар еді" дейді анасы.

"Қызымды ит 2022 жылғы 19 желтоқсанда қапты. Үлкендеу сары ит екен. Қызым бетін жауып алып, аяғымен итеріп, тебе берген. Қасынан бір әйел баласымен өтіп бара жатқан. Сол кісі құтқарып, мектепке дейін жеткізіп тастапты", - дейді ол.

Сол күні Жұлдыздың қызына алғашқы медициналық көмек берілген. Ол кейін Райымбек ауылдық округі әкімдігіне болған оқиғаны баяндап, арыз жазған. Қосымша дәлелдерін тіркеп, қандай да бір шара қолдануын өтінген. Оның айтуына қарағанда, әкімдіктен әлі күнге дейін ешқандай хабар келмеген, ешкім хабарласпаған.

"Ал иесіз иттер әлі өріп жүр. Ешқандай шара қолға алынғаны байқалмайды", - дейді ол.

Білуімізше, мұндай арызды тұрғындар бірнеше жылдан бері жазып келе жатыр. Олар мәселені телеарна тілшілерін де шақыртып, көтерген. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік қызметкерлері сол кезде "Қолымыздан ештеңе келмейді" деп жауап берген көрінеді.

Адамды ит тістегенде немесе тырнап алғанда міндетті түрде жедел жәрдем шақырту керек. Өз бетінше үй жағдайында емдеуге болмайды. Ветеринар Дархан Тілеужановтың айтуынша, жедел жәрдем келгенге дейін тек жарақат түскен жерді таза сумен бірнеше рет шайып, йодпен залалсызданырып қоюға болады. Өйткені үй жануарларында, әсіресе иттерде көктемде және күзде құтыру ауруы жиі байқалады. Сол себепті дәрігердің көмегіне жүгінуіңіз керек.

"Құтырумен көбіне қасқыр, түлкі, борсық, аю сияқты жабайы жануарларлар ауырады. Олардан зардап шеккен иттер де ауру қоздырғышын жұқтырады. Құтыру екі кезеңде өтеді. Біріншісінде клиникалық белгілері анық білінеді, үй жануары өзін өте агрессив түрде ұстайды, сілекей көп бөлінеді. Жүру координациясы өзгереді, теңселіп немесе бір жаққа қарай қисайып қозғалады. Өз иесіне, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Құтыру ауруын жұқтырған иттер көп ұзамай өліп кетеді. Арудың тағы бір түрі жасырын өтеді. Ең қауіптісі де осы, өйткені оның белгілері білінбейді, сол себепті оны анықтау қиын болады", - дейді ол.

Редакциямызға Абай ауылының тағы бір тұрғыны Айнұр Жандабаева да шағым айтып хабарласты. Оның сөзінше, ауылдағы кей тұрғын бұл мәселеге бас ауыртқысы келмейді.

"Өз баласын ит қапқанда немесе өзіне шабуылдағанда ғана қозғалып жатады. Ал әкімдік қызметкерлерінің өздігінен қолға алғанын да көрмедік. Қазір қыс кезінде мектептің алды толған ит. Балаларды мектепке жалғыз жіберуге қорқып отырмыз. Бірнеше жыл бұрын көршілер болып әкімдікке барып, арыз жазғанбыз. Сол кезде әкімдіктің жанында учаскелік кабинет болған. "Сол жерге барасыздар, итті ұстайтындарға мән-жайды айтасыздар" деді. Онда барғанда "Иесіз итті ұстап беріңіздер" деген жауап алдық. Біз оны қалай ұстап береміз?" - дейді ол.

Осы мәселе бойынша тұрғындардың шағымын айтып, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігіне хабарластық. Әкімдік қызметкері жаңа жыл қарсаңында 50-ден астам ит ауланғанын айтты.

"Райымбек ауылдық округімен бірлесе отырып, "Ветеринариялық пункттері бар Қарасай ауданының ветеринариялық станциясы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен"  2022 жылғы 24, 27, 28 желтоқсан күндері иесіз иттерді аулау жұмыстары жүргізіліп, 51 ит ауланды", - дейді әкімдік өкілі.

Massaget.kz порталының журналистері Қарасай ауданы әкімдігіне хабарласқаннан кейін Абай ауылының тұрғындары бүгін таңертең WhatsApp-тағы чатқа "ауылда 17 қаңтарда (бүгін) иесіз иттер ұсталатыны" туралы хабарлама келгенін айтты.

Әкімдіктің бізге берген хабарында ұсталған иттердің Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылындағы Астана көшесі, 98-үй мекенжайына жеткізілетіні айтылған. Мұнда 10 күн бойы ұсталады. "Иесі табылмаса, онда иттерді "ұйықтатады".

Қазақстанда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң бар. Сол заңда жануардың иесіне оны сыртта қыдырту және қоғамдық орында, ғимаратта ұстау ережелері бекітілген.

Заңгер Ғабдұл-Ғани Әбутәліп адамды ит тістеген кезде оның иесін жауапқа тартуға болатынын айтты. Бұл үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабы арнайы бекітілген.

"Егер жануар иесі жоғарыда аталған заң нормаларын елемесе, кодекстің 407-2-бабы бойынша жауапқа тартылады және жеке тұлға - 10, лауазымды тұлға - 20, ал заңды тұлға 30 АЕК айыппұл төлейді. Бұл жағдай бір жылдың ішінде тағы қайталанса, жеке тұлғаларға - 20, лауазымды тұлғаларға - 30, заңды тұлғаларға 40 АЕК айыппұл салынады", - дейді заңгер.

Жануарларды қорғайтын "Аяныш" қоғамдық қорының президенті Айгүл Имбергенованың сөзінше, қазір жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қайта пысықталып жатыр.

"Оларды серуендетуден бастап иесіз жануарларды аулау ережеcіне дейін әзірленіп жатыр, жұмыс әлі аяқталған жоқ. Иесіз жануарлар мәселесін шешу үшін барлық жануарды чиптеу қажет. Жануарларды көшеге тастағаны немесе жоғалтқаны үшін айыппұлдар салынуы керек. Болашақта зарарсыздандырылмаған жануарларға салық та енгізілуі мүмкін. Бұл шаралар кешені біріктірілмейінше, көшедегі жануарлар азаймайды, - дейді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан