- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Костенко шахтасындағы апатқа...
Костенко шахтасындағы апатқа кінәлілер жеңіл жазамен құтылмауы керек - сенатор
Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысы Костенко шахтасындағы апатқа кінәлі адамдар жеңіл жазамен құтылмауы керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолданды. Сергей Ершов "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-да тиесілі шахталарда апаттар жиі болғанын, ондағы жабдықтар әбден тозғанын мәлімдеді.
"Бұл компания елімізде жұмыс істеген жылдары көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыру бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеді. Салдарынан қайғылы оқиғалар болды. Өткен ғасырда шығарылған құрал-жабдықтар әлі де пайдаланылады. Тозған жабдық жұмысшылардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінде көптеген өндірістік кәсіпорынның иелері ақша үнемдеуді көздеп, жабдықты ауыстырмайды. Олар бақылаушы органдар талап ететін өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізумен шектеледі", - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға қауіпті өндірістік нысандарды жаңартуды, кәсіпорындардың оны уақтылы орындау жөніндегі міндетін бекіту функциясын беруді ұсынды.
Сонымен қатар, ол премьер-министрден "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ны мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды сұрады.
"Бүгін қоғамда бұл трагедияға кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе әділ көтеріліп отыр. Қазіргі тәжірибе көрсеткендей, қаупі жоғары салаларға мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет. Осындай қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар жеңіл жазамен құтылмауы керек. Қылмыстық заңнама нормалары өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуға тиіс", - деді сенатор.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz