Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова "Костенко шахтасындағы апаттан көз жұмған кеншілер жұмысқа кіру үшін пара берген бе" деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында вице-премьерге "Кеншілердің әйелдері айтқаны әңгімені естіген шығарсыз. Олар шахтаға жұмысқа кіру үшін несие алған деген мәлімет бар. Бұл схеманы "АрселлорМитал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы Вадим Басин ойлап табуы мүмкін деген мәлімет бар. Мұны анықтайсыздар ма? Антикор тексеріс жүргізе ме?" деген сауал жолданды.
Тамара Дүйсенова алдымен Үкіметтің комиссиясы жұмысын аяқтауы керегін мәлімдеді.
"Еңбек инспекциясы Үкіметтік комиссия құрамына кірді. Инспекция тәртіп бойынша міндетті түрде жұмыс жүргізеді. Бірақ Вадим Басин туралы ештеңе айта алмаймын. Бұл тексерулерден кейін белгілі болатын шығар", - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, қайғылы жағдайдан кейін Вадим Басин "АрселлорМитал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы болып тағайындалған болатын.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!