- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанай облысындағы жағдай:...
Қостанай облысындағы жағдай: өртсөндірушілерге қандай сыйақы беріледі?
Қостанай облысында өрт сөндіріп жатқан сала мамандарына 2 айлық еңбекақы көлемінде сыйақы беріледі, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берген.
"Мен жалынмен күресіп жатқандардың бәріне өз атымнан жеке алғыс жолдағым келеді. Олар ерлік танытып, шұғыл қимылдап, кәсіптеріне адал екенін көрсетті. Олар ең жоғары бағаға лайық деп ойлаймын және тиісті марапат алады. Оның ішінде қаржылық тұрғыдан да. Үкімет өрт сөндіруге тікелей қатысқандарды екі айлық еңбекақы көлемінде марапаттау туралы тиісті қаулы әзірлеуі керек", - деді Президент Қостанай облысындағы жұмыс сапары кезінде.
Еске салайық, Қостанай облысында табиғи өрт шыққан еді. Бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлінген. 1800-ден аса адам эвакуацияланған. 10 адам жарақат алған, оның ішінде күйік шалғандар, уланғандар бар. Сонымен қатар, 1935 жылы туған ер адам қаза болды. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өрт сөндіру шараларына басым назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажет қаражат бөлу керегін айтты. Сондай-ақ, Президент табиғи өртті сөндіру жөніндегі жұмыстардың барысымен танысу үшін өңірге өзі келді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысында өрт кезінде баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлер салынатынын айтты. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы зардап шеккендерге көмек ретінде қаражат жинала бастағанын жариялады. Сонымен қатар, бірнеше компания мен қоғамдық ұйым өкілдері үйлерінен айырылған тұрғындарды қолдайтынын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова