Сот Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы алапат өртте тракторшыны кінәлі деп таныды, - деп хабарлайды "ТоболИнфо".
Басылым мәліметінше, қылмыстық істі Бас прокуратура тексерген. Сотталушы - Александр Репейко. Қостанай облысы Әулиекөл аудандық соты 44 жастағы ер адамды осы орман өртінде кінәлі деп таныды. Ол кінәсін мойындаған.
Сот тергеуі барысында тракторшы "Ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің" 31-тармағының талаптарын елемегені анықталған.
"Сотта Репейконың тракторды ұшқын сөндіргішсіз және ақауы шығып тұрған цилиндр-поршеньмен тізгіндегені анықталды. Бұл майлы күйе мен газ шығару құбырында қара күйе пайда болуына қоса, май шығыны артуына әкеп соққан. Кондратьев орман шаруашылығының №22 кварталына дейінгі жол құмды және ойлы-қырлы жерлерден өтеді. Бұл кезде ауа райы ыстық, құрғақ болған әрі жел соғып тұрған. Бірақ тракторшы пайда тапқысы келіп, өрт қауіпі бар орман учаскелерінде көліктер мен жабдықтарды ұшқын сөндіргішсіз пайдалануға тыйым салатын өрт қауіпсіздігі ережелерін елемеген", - делінген басылым мәліметінде.
Осылайша, "Басаман орман шаруашылығы мекемесі" КММ, "Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі" КММ және Әулиекөл ауданы аумағын қамтыған өрт мемлекетке, жеке, заңды тұлғаларға ірі мөлшерде залал келтірілген.
Ал Басаман орман шаруашылығы директорына қатысты қылмыстық іс әлі де тергеліп жатыр, күдікті тергеу изоляторында.
Айта кетейік, 2022 жылғы күзде Қостанай облысында алапат өрт шыққан болатын. Бірнеше ауылдағы 108 ғимарат бүлінген еді. 1800-ден аса адам эвакуацияланды. 10 адам жарақат, күйік алды. 1935 жылы туған ер адам қайтыс болды. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өрт сөндіру шараларына басым назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажет қаражат бөлу керегін айтты. Сондай-ақ, Президент табиғи өртті сөндіру жөніндегі жұмыстардың барысымен танысу үшін өңірге өзі келді.
Сондай-ақ, ТЖМ өкілдері Қостанай облысындағы өртті тергеуге қатысты пікір білдіріп, табиғи фактор емес екенін айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!