- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коронавирусқа қатысты брифингіде...
Коронавирусқа қатысты брифингіде не айтылды?
Бүгін, 12 наурызда, Нұр-Сұлтанда коронавирус пандемиясының алдын алу іс-шараларына байланысты брифинг өтті. Брифингте премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова журналистердің сұрағына жауап берді. Massaget.kz брифингте айтылған басты мәлімдемелерді топтастырды.
Мектеп оқушылары 16 наурыз-5 сәуір аралығында демалысқа шығады, студенттер онлайн оқуға көшеді
"Орта білім беру мекемелері 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында демалысқа шығады. 16 наурыздан бастап кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындары мүмкіндігінше қашықтан оқуға көшеді", - деді Ералы Тоғжанов.
Қазақстан мектерінде демалыс 21 наурызда басталып, 2 сәуірде аяқталуы тиіс болған. Демалыс кезінде оқушылар экскурсиясына тыйым салынады.
"Егер жағдай тұрақталмаса, оқушылар да қашықтан оқу режиміне көшуі мүмкін. Оқу процесі жазға қалдырылмайды.
Наурыз айының соңында өтетін үшінші сынақ ҰБТ кейінге шегерілді. Ал жазда өтетін ҰБТ-ның жайы, сол уақыттағы ситуацияға байланысты болмақ", - деді Асхат Аймағамбетов.
Балабақшалар жұмыс істей береді.
Қазақстанда бұқаралық іс-шараларға уақытша тыйым салынды
"13 наурыздан бастап инфекция таралуының алдын алу үшін бұқаралық іс-шараларды, мерекелік шараларды, спорттық, ойын-сауық және мәдени шараларды, конференцияларды, семинарларды, көрмелерді және басқаларды өткізуге тыйым салынды. Денсаулық сақтау орталықтары, коммуналдық қызметтер экономика, тамақ өнеркәсібі, сауда, базарлар, тамақтану, теміржол станциялары, әуежайлар мен қонақ үйлерде санитарлық режимі күшейтіледі", - деді Тоғжанов.
Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынды
"Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынады және олар күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режимді енгізіледі", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Автобустарға әр рейс сайын дезинфекция жасалады
"Бұған дейін қоғамдық көліктерге таңертең рейске шығар алдында және кешке рейс аяқталғаннан кейін дезинфекция жасалатын. Енді қоғамдық көліктер әр рейстен кейін дезинфекцияланады", - деді Елжан Біртанов.
Қазақстанда спорт іс-шаралары көрерменсіз өтеді
"Ойындар жоспар бойынша өтеді, бірақ көрерменнің баруына тыйым салынады. Бұл – халықаралық тәжірибе. Барлық Еуропа елдерінде спорт ойындары көрерменсіз өтіп жатыр. Біз де осындай шешім қабылдадық", - деді Тоғжанов.
Кинотеатрлар уақытша жабылады
"Оқушылар каникулға шыққанымен, кинотеатрға, жаппай ойын-сауық орындарына баруы мүмкін. Бұл мәселені қалай шешуге болады?", - деген журналистердің сауалына Ералы Тоғжанов былай жауап берді:
"Ойын-сауық, сауда орындары, базарлар жұмыс істей береді. Себебі тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Ал ойын-сауық орталықтарында орналасқан кинотеатрлар жұмыс істемейді. Бұл форс-мажор жағдай болғандықтан, кинотеатрларға өтемақы төленбейді", - деді Тоғжанов.
Тойларды кейінге қалдыруға кеңес берілді
"Азаматтардың денсаулығы – ең маңызды нәрсе. Сондықтан той жасайтын адамдар барлығын алдын ала ойластырып алғаны жөн. Бізде көп адам шақырғанды құп көреді, сол себепті қонақтардың санын барынша азайту керек. Біз мұндай үлкен іс-шараларды тоқтата тұруға, кейінге шегеруге кеңес береміз", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Бұдан бөлек президент Тоқаев Наурыз мейрамына арналған қоғамдық шараларды және елордада Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадты өткізбеу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, бұған дейін жоспарланған халықаралық форумдарды кейінге шегеруді тапсырды.
Еске салайық, 11 наурыз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп таныды. Бұл туралы ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Женевада брифинг барысында мәлімдеді.
Massaget