Күні кеше Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбаты қызу талқыға түсті. Бір күн бұрын журналистің "Обожаю" YouTube-арнасында Ақтөбе облысындағы проблемалар туралы шығарылымы шыққан болатын. Асхат Ниязов облыс әкімі Ералы Тоғжановпен сұхбаттасқан еді. Алайда Тоғжанов журналистің облыстағы проблемалар туралы сұрағына жауап берудің орнына Ниязовтың қазақ тілін білмейтінін "бетіне басқан" болатын. Әлеуметтік желіде Ералы Тоғжановтың әрекетін жақтағандар да, даттағандар да табылды.
Қазақ тілі әкімдердің "оққағарына" айналды
Белгілі журналист Диас Нұрақын Ералы Тоғжановтың әрекетіне қатысты Facebook-парақшасында пікір білдірген. Ол қазақ тілі әкімдердің "оққағарына" айналғанын айтады.
"Әкімдер Асхат Ниязовтан қорғанудың тың тәсілін тауыпты. Қазақ тілін білмейсің деген желеумен журналисті тұқыртып, сұрақтан жалтаруды жақсы меңгеруде. Бұл приемды әріптестеріне Даниял Ахметов үйретіп кетті. Бірақ дәл қазір қазақ тілі мәселе шешетін, әкім-қаралар еститін, ұлттың, халықтың тілі емес осындай арзан ұпай жинау үшін қажет болып қалғаны жасырын емес.
Бір ғана мысал айтайын. Әлеуметтік желіде қазақша пост жазсаң көп адам (шенеуніктер, әкімдер, министрлер) құлағына қыстырмайды. Тек қоғам болып шулап, резонанс туындап кетпесе. Ал, орысша жазылған әр постқа жалма-жан жауап жазып отырады. Кеше осыдан төрт жыл бұрын орысша жазылған жазбамды қайта көшіріп салып едім. 100 адам бөлісіп, 1040 адам лайк қойып, хат танитынның бәрі комментті бұрқыратып жатыр. Осыдан-ақ орыс тілінің әлі де приоритетте екенін аңғаруға болады. Сондықтан әкімдердің тіл білмейсің деп тұқыртуына жол болсын! Әшейінде осы шенді-шекпенділерден сұхбат ала қалсаң орысша шүлдірлеп, қазақша аударып аласыз ба деп мүләйімсіп тұрады. Егер қазақ тіліне шын жандарыңыз ашыса, орысша бірауыз білмейтін мен сияқты таза қазақтарға да тек қазақша жауап жазып, сұхбат беріңіздер", - дейді журналист.
"ТОҒЖАНОВТІКІ ДЕ ДҰРЫС, НИЯЗОВТІКІ ДЕ ДҰРЫС"
Журналист Серік Жолдасбай Тоғжановтікі де дұрыс, Ниязовтікі де дұрыс екенін айтады.
"Шын мәнісінде, екі тараптың да айыбы бар. Әкім "Қазақша сөйле" деп өткір сұрақтан жалтарып журналисті тұқыртып жатыр. Бұл енді бәріне түсінікті дүние. Ал Асхат Ниязов "Орысша жауап беріңіз" деп әкімнің құқығын шектеп отыр. Біздің шенеуніктер өз ісіне салғырт қарайтын, тіпті жемқор болуы мүмкін. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ Тоғжановтың "Қазақша сөйлеймін" дегені өте орынды. Әкімдерді сынап жүрген Асхат Ниязов Қазақстанда тұрып, қазақ тілінде мүлде түсінбейтін болса, онда оған өзі айыпты. Әуелі сыннан өзі қорытынды шығару керек", - дейді журналист.
"Асхат қорғанысын күшейту үшін де, қарсы шабуыл жасау үшін де қазақ тілін үйренбесе болмайды"
Журналист Есболат Айдабосын Асхат Ниязов қазақ тілін білмегені үшін "енді әкімдер оның осы бір осал тұсынан енді ұра беретінін" айтады. Журналистің сөзінше, ол үшін Ниязов қорғанысын күшейту үшін де, қарсы шабуыл жасау үшін де қазақ тілін үйренуі қажет.
"Өзі де үйреніп жүргенін айтты. Асхаттың мұнысы құптарлық қадам. Мұның алдында министр Алмасадам Сәтқалиев те тіл білмегені үшін журналистер алдында қысылып қалып еді. Ол да жарты жылда қазақша сөйлеймін деп уәде еткен, екі-үш айы өтіп кетті. Күзде бұйыртса көсіліп сөйлеп тұрған Алмасадамды көреміз деп үміттенемін. Жалпы, Сәтқалиев пен Ниязов мысалында қазақ тілінің қажет тілге айналып келе жатқанын байқаймыз. Мұны БАҚ пен әлеуметтік желіде көбірек талқылаған пайдалы. Көргендерге ой салады, Ниязов пен Сәтқалиевтің кебін кимейік деп орыстілді қыз-жігіттер қазірден қамданады, тіл үйренеді. Баласын орыс мектебіне сүйреп жүрген ата-ана ойланады...", - дейді журналист Есболат Айдабосын.
"Қазақстан қазақша сөйлеп кетті ме? Жоқ!"
Танымал журналист, кәсіби маман Халима Тәжіқұл да Ералы Тоғжановтың әрекетіне қатысты пікір білдірді.
"Ал енді Тоғжанов мырзаға келейік, билік дәлізіндегі қол жеткізген биік лауазымы - 2020-2022 жылдар арасында премьер-министрдің орынбасары болуы және әлеуметтік блокқа жетекшілік етуі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тетігі қолында тұрды. Қазақстан қазақша сөйлеп кетті ме? Жоқ! Алысқа бармай, уатсабыңыздағы ата-аналар мен көршілер чатына көз салыңызшы. 70-80 пайыз орысша жазады. Оны жазып отырғанның бәрі қазақтар. Әлгі 2003 жылы бақшаға барғандар да бар арасында.
Сосын Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болғаны бар. Редакция бұл ұйымның жиындарын жазуға жұмсағанда, орысша баяндамадан бас айналып қайтатынбыз. Ассалау мен сау болыңыздары ғана мемтілде айтылатын жиындарда төңкеріс жасаса, кім қолын қағыпты? Ассамблея мүшелері - түрлі этностар өкілдері де қазақша сөйлеп кеткен жоқ, декорация рөлінде жүрген санаулысы мен қалаулысынан басқа. Ендеше, бұл екі тұлғаның Ресейден көшіп келген оралманнан (қандас сөзін қабылдау қиын) қазақша неге сөйлемейсің дегені қай сасқаны?
Кезінде Моңғолия мен Қытайдың қазақтары қоныс аударғанда, миграция саласында қазақша білетін маман неге жоқ деген сұрағын елеусіз қалдырған Үкімет өкілдері енді басқаша сөйлей бастағаны екітүрлі бір қызық болып тұрғаны)", - деп жазды Халима Тәжіқұл.
"Енді Тоғжанов орысша есеп берсе немесе біреумен үлкен аудитория алдында орысша сөйлеп қойса өзін "саяси жерлейді"
Журналист Серік Хасенов Ералы Тоғжанов өзіне үлкен ультиматум қойып алғанын айтады.
"Журналисқа ерегесіп тұрып, ол енді тек қазақша сөйлеуге өзін міндеттеп алды... тіпті жарты миллионға жуық халқы бар Ақтөбе халқын өзімен бірге сол ультиматумға ала кетті... Енді Тоғжанов орысша есеп берсе немесе біреумен үлкен аудитория алдында орысша сөйлеп қойса өзін "саяси жерлейді"... оған қоса Тоғжанов аппаратына қатысты кез келген қызметкер енді тек қазақша сөйлеуге міндетті... олай жасамаса, басшысына бағынбайды немесе қарсы деген сөз... Тоғжанов орысша сөйлеген күні НӨМІРІ БІРІНШІ МАНИПУЛЯТОР атанады...
Асхаттың тіл туралы уәждері өте орынсыз болды, меніңше. Мысалы, Канадаға барып, ағылшын тілді әкімге неге французша бермейсіз деп айтып тұрғанды елестетіңізші... немесе керісінше... бұл оның тарапынан кәсібисіздік болды деп ойлаймын... Ал былай жасап жүрген бағдарламасының форматы өте жақсы... енді осыдан кейін қазақ тілін жетік үйреніп алады деген сенімдемін...", - дейді журналист.
Еске салайық, бұған дейін журналист Асхат Ниязов не үшін қазақ тілінде сөйлей алмайтынын түсіндірген болатын. Журналист Ресейден жақын жылдары ғана келгенін айтып түсіндіреді.
"Қазақ тілін әзірге білмеймін. Мен 23 жыл Ресейдің Омск қаласында тұрғанмын. Сол қалада туып өскем. 2013 жылы Қазақстанға көшіп келдім. Ата-анам да Омск қаласынан. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын", - дейді журналист Massaget.kz тілшісіне берген пікірінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!