Асхат Ниязов не үшін қазақ тілінде сөйлей алмайды? Журналистің өзі түсіндірді

Асхат Ниязов не үшін қазақ тілінде сөйлей алмайды? Журналистің өзі түсіндірді
Фото: "Хабар 24" кадры

Белгілі журналист Асхат Ниязов не үшін қазақ тілінде сөйлей алмайтынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, бір күн бұрын журналистің "Обожаю" YouTube-арнасында Ақтөбе облысындағы проблемалар туралы шығарылымы шыққан болатын. Асхат Ниязов облыс әкімі Ералы Тоғжановпен сұхбаттасқан еді. 

Алайда Тоғжанов журналистің облыстағы проблемалар туралы сұрағына жауап берудің орнына Ниязовтың қазақ тілін білмейтінін "бетіне басқан" болатын. 

"Ақтөбеде бәрі қазақша сөйлейді. Ақтөбеде бірде-бір отырысты орысша өткізбейміз. Бәрі қазақ тілінде жүреді", - дейді Ералы Тоғжанов. 

Журналист Ресейден жақын жылдары ғана келгенін айтып түсіндіреді. 

"Қазақ тілін әзірге білмеймін. Мен 23 жыл Ресейдің Омск қаласында тұрғанмын. Сол қалада туып өскем. 2013 жылы Қазақстанға көшіп келдім. Ата-анам да Омск қаласынан. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын", - дейді журналист Massaget.kz тілшісіне берген пікірінде. 

Журналист әкімдер неліктен Асхат Ниязов қазақ тілін білмейтінін сылтаурататынына қатысты ойын айтты. 

"Себебі олар осылайша тақырыптан ауытқып, нақты сұраққа жауап бергісі келмейді", - дейді журналист Асхат Ниязов.  

Айта кетейік, Асхат Ниязов Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, басты проблемалар жайлы YouTube-арнасында түрлі шығарылым түсіріп жүр. Ол шығарылымдарында жергілікті әкімдерден жауап алуға тырысады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина