Көпқабатты тұрғын үйде салынған жылына қарамастан, түрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, жаңбыр жауса, шатырдан су ағады немесе жертөледе су құбыры жарылып жатады. Апатты жою үшін жүргізілетін жөндеу жұмыстарына кім жауапты? Ақысын кім төлейді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Massaget.kz тілшісі адвокат Жалғас Серіпханқызының көмегіне жүгінді.
Адвокаттың айтуынша, шатырдан су ақса, тұрғындар сурет, видеоларын жинап, үй менеджеріне немесе ПИК төрағасына шатырды жөндеу қажет екені туралы мәлімдеме жазуы керек.
Енді ПИК міндеттеріне не кіретінін анықтайық. РrimeМinister.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, ПИК-ке мына міндеттер кіреді:
Сонымен, егер шұғыл және үлкен шығындарды қажет етпейтін маңызы төмен жөндеу жұмыстары қажет болса, онда ол менеджердің шешімі бойынша жиналыссыз жүзеге асырылады. Құжаттарға сәйкес, мұндай жұмыстар жөндеу және техникалық қызмет көрсету секілді жүргізіледі.
Егер күрделі жөндеу қажет болса, онда жұмыс тұрғындардың жиналысынсыз жасалмайды. Пәтер иелері жөндеу жұмыстары керек пе, жоқ па, өздері шешуі керек. Негізгі шарт: жөндеу жұмысын қолдайтын дауыс берушілер кем дегенде 51 пайыз болуы керек.
Адвокат Жалғас Серіпханқызы жөндеу жұмыстарына кететін қаражатты кім төлейтінін де айтты. Қорда ақша жеткілікті болса, жөндеу жұмыстары жалпы қазынадан толығымен төленеді. Егер смета бойынша шығыс қолда бар сомадан асып кетсе, онда оны қосымша жинау қажет болады. Шешім көпшілік дауыс беру арқылы қабылданады.
"Ай сайын тұрғындар ортақ мүлікті күтіп-ұстауға және пайдалануға жарна төлейді. Жөндеу жұмыстарына ақша сол қордан бөлінеді", - деді маман.
Жиналыста менеджер мамандардың жұмысы мен материалдарын қосып, жұмыстың толық көлемін және шығынды ұсынуға, сондай-ақ, әр меншік иесі үшін шатырды жөндеу қанша тұратынын айтуға міндетті.
Айта кетейік, егер бір тұрғынның меншігінде бірнеше пәтер болса, қаражат барлығына төленеді. Бірақ дауыс беру кезінде оның бір ғана дауысы саналады.
ПИК жөндеу жұмыстарын жүргізуден бас тарта ала ма?
Маман қандай жағдай болмасын апат салдарын ПИК жоюға тиіс екенін айтты.
"ПИК тұрғындардан жарна түрінде жиналған қаражаттың негізінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс, тіпті міндетті деп айта аламын. Егер ПИК жөндеу жұмыстарын жүргізуден бас тартса, тұрғындар аудандық әкімдікке жүгініп, арыз жаза алады", - деп жауап берді адвокат.
Еске салайық, бұған дейін билетті қайтару кезінде толық соманың бір бөлігін ұстап қалу қаншалықты заңды екені туралы жазған едік.
Тағы да оқи отырыңыздар: Шенген визасымен қай елдерге баруға болады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз