- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көп балалы болуды...
"Көп балалы болуды қалап едім". Желтоқсаншылар ұйымының басшысымен сұхбат
Желтоқсаншылар құқығы қалай қорғалып жүр? Осы тақырып төңірегінде Алматыдағы желтоқсаншылар ұйымының басшысы Гүлбахрам Жүніспен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"700-ден астам адам ақталды"
Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекет тарапынан жаза алып, қудаланғандардың бәрі автоматты түрде толық ақталған.
"Мемлекет тарапынан жаза алғандар дегеніміз сол кезде Желтоқсан көтерілісіне байланысты сотталған, комсомол партиядан шығарылған жандар. Бұл адамдар мемлекет тарапынан жаза алып, қудаланғандар қатарына жатады. Олар Тәуелсіздік алған жылдары автоматты түрде толық ақталды. Сол уақытта жарақат алып, жәбірленуші болған, ауруханаға түскен, мүгедек болып қалғандар да осы санатқа жатады. Бірақ қазір көп адамды анықтау қиын болып жатыр. Себебі мұрағаттағы көп мәлімет жоғалып кеткен. Әлі күнге дейін қатысушыларды ақтау жұмыстары жүріп жатыр", - деді Гүлбахрам Жүніс.
Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 700-ден астам адам ақталған.
"Елімізде желтоқсаншылардың бірнеше ұйымы бар. Біздің ұжымның өзінде 40-тан астам адам ақталмаған. Оны ашатын болса, тарих беті ашылар еді", - деді ол.
"Балаларымның көп болғанын қалап едім"
Гүлбахрам Жүніс желтоқсаншыларға арналған мемлекет тарапынан берілетін арнайы заң жүзінде жеңілдік жоқ екенін айтты.
"Тек мәслихат, мәжілістің немесе жергілікті әкімшіліктің тарапынан берілетін құрмет ретінде жылына бір рет желтоқсанда сыйақы түседі. Биыл 250 мың теңге болды. Алғашқыда 3 мың теңгемен басталып, қазір осындай мөлшерге жетті. Бұдан басқа әкімшілік тарапынан мемлекеттік демалыс орындарына тегін жолдама, автобустың тегін билеті беріледі. Кейбіреулердің ақтау қағазы болмаса да, біздің ұйымда тіркелгендіктен олар да жеңілдікті пайдалана алады. Медициналық сақтандыру да төленіп, тегін тексерілуге барлық қызметті енгізіп қойған",- деді ол.
Ол желтоқсандық буынның көбі ата-ана болу мүмкіндігінен айырылғанын атап өтті.
"Табаннан сыз өтіп, басқа соққы, өзге мүшелерге тепкі тигеннен әкелік бақыт, аналық бақыттан адаланып, жетімдер үйінен, туған-туыс балаларын асырап алып жатқандар да бар. Осындай жағдаятты көріп-біліп жүріп, қалай ғана желтоқсандағы болған оқиғаны ұмытуға болады? Мен 1986 жылға дейін тұрмыс құрып, перзентті болып үлгерген жайым бар. Сол ұлымнан немере сүйіп, әже атандым. Бірақ, желтоқсан ызғарынан соң балалы бола алмадым. Дегенмен осы жағдайыма да шүкірлік етемін. Жолдасым 1998 жылы қайтыс болып кетті. Көп балалы жанұяда өскендіктен, балаларымның көп болғанын қалап едім...", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін алты айға қамалдым". Танымал актриса өміріндегі қиын кезең туралы айтқаны жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстан тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған қай ел?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы