Тері мен сүйек проблемалары, баяу метаболизм, жүрек-қан тамырлары аурулары. Сарапшы ағзаға ақуыз қажет екені қалай көрінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Doctorpiter-ге сілтеме жасап.
Ақуыз - сүйек пен метаболизм үшін қажет маңызды макронутриент. Оның жетіспеушілігі әл-ауқатты айтарлықтай нашарлатады.
Адамда ақуыз жетіспеушілігін үнемі аштық сезімін сезетінінен байқауға болады.
"Ақуыз аштық гормоны грелин деңгейін төмендетеді. Осының арқасында адам аз тамақ жегісі келеді. Ал керісінше ақуыз жетіспеушілігі салдарынан аштық сезімі күшейеді, осылайша ағза ақуыз қорын толтыру қажет деп белгілер береді. Аштық сезімі шамадан тыс тамақтануға және соның салдарынан салмақ қосуға әкеп соғады", - дейді маман.
Ақуыз жетіспеушілігінің тағы бір белгісі - шаршау және жаман көңіл-күй.
"Зерттеулер ақуыз жетпегенде, дене энергия шығынын арттыратынын көрсеткен. Бұл үнемі шаршау мен әлсіздікке әкеледі. Психикалық жағынан да адам зардап шегеді. Ақуыздың құрылыс материалы саналатын аминқышқылдары көңіл-күйімізге жауап беретін допамин мен серотонин өндірісін реттеуге көмектеседі", - деп түсіндірді сарапшы.
Шаштың, терінің және тырнақтың күйі де ақуыз жетіспеушілігінің салдары болуы мүмкін.
"Ағзаға ақуыз аз түскен кезде ең алдымен оны өмір үшін маңызды функцияларға жібереді. Сондықтан коллаген, кератин және эластин сияқты ақуыздардан тұратын шаш, тері және тырнақтар зардап шегеді. Шаш жұқарады, сынғыш болады, тері қабыршақтана бастайды", - деді ол.
Ақуыздың жетіспеушілігі бұлшықеттерге де әсер етеді, олар бос әрі әлсіз болады. Қатты ісіну – ақуыздың жетіспеушілігінің тағы бір белгісі.
Сарапшының айтуынша, әр адам үшін ақуыздың тәуліктік мөлшері әртүрлі, бірақ орташа есеппен күніне осы макронутриенттің кем дегенде 1,5 граммын өз салмағының бір келісіне шаққандағы мөлшерде жеу керек.
Ақуызға бай тағамдар: ет, тауық еті, балық, теңіз өнімдері, сүт, сүзбе, жұмыртқа, саңырауқұлақтар, бұршақ дақылдары (жасымық, бұршақ), соя, қарақұмық жармасы, қатты ірімшік, шпинат, ақжелкен.
Еске салайық, бұған дейін де маман ақуызға бай өнімдерді атады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!