- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көмір департаменті басшылары...
"Көмір департаменті басшылары мен қызметкерлерінен жауап алынды". Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Костенко атындағы шахтада болған оқиғаларды әлі де тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Газ-метан қоспасының жарылуының себептерін анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнына тексеріс жүргізілген.
"Ауысым қызметкерлерінен, "АМТ" Көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынды. Бірқатар сот сараптамасы, оның ішінде жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық және т.б. тағайындалды. Кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары, басқа да сарапшылар тартылды", - делінген ведомство хабарламасында.
Шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттар да талданып жатқаны айтылды.
"Кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі. Зардап шеккендер мен туыстарының қатысуымен өткізілетін тергеу әрекеттері олардың денсаулық жағдайы және жерлеу рәсімдерін өткізу қажеттілігін ескере отырып жүргізіледі. Қылмыстық іс бас прокурордың бақылауында", - делінген ведомство мәліметінде.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова