Әлеуметтік желіде Алматы облысындағы мектеп асханасындағы жағдайға байланысты дау шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғам белсендісі Сәуле Бикитеева Instagram-да өңірдегі мектептердің бірінің асханасын жариялаған. Блогердің оқырманы асханада балалар тамағынан жырып жеу дерегі барын, тартылған етті көбейту үшін қарақұмық, ал компотқа шамадан тыс су, түсін өзгерту үшін "заварка" қосылатынын жазған.
"Оқырманнан. Соц. педагогы Ақмарал апай тексереді, әрине, дұрыс қой тексергені, бірақ ол кісілер проба сұрағанда әдемілеп толтырып береді. Бірақ қанша фарш берсе, солай жасаймыз. Керекті кг фарштарды бермейді, басымы гречканы салады фарш грамын көбейту үшін. Сәуле ханым мен мұнымен айтайын дегенім, осы балаларға бөлінген ақшаны адалынан берсе екен деймін. Айранға 1/1 су қосып көбейтпей. Тым құрығанда сол кисель мен компотты қайнаған сумен араластырып қантын әдемілеп берсе екен деймін. Фаршқа 5-6 кг 15-20 кг гречка қоспай тым болмаса 15 кг фарш пен жасап әдемілеп берсе екен деймін. Жалпы мені түсіндіңіз деп ойлаймын. Кисель компотты солай көбейтеді. Компотқа заварка салады түсін өзгерту үшін. Сұмдық, мектепке, директорларға, мұғалімдерге сұрағым жоқ. Арендаторлар бүйтіп тегін тамақ бермей ақ қойыңдар!"- делінген жазбада.
Желі қолданушылары арасында бұл жайт қызу пікірталас тудырған.
"Бұлай бергеннен бермегендері жақсы ғой. Кезінде ішпегенде де жүрді ғой. Мынадай ғып бергендері дұрыс емес қой", "Мектеп директорын, тікелей асханаға қарасты меңгерушілерді жұмыстан шығару керек, айыппұл төлету керек", "Сөзіміз жоқ", "Қайнамаған су қосқан кісінің өзіне ішкізу керек, өз баласы жоқ па біреудің баласынын денсаулығына зиян жасағаны үшін сотқа беру керек", " Баладан жеп байыған қалай болар екен... Ұятсыз болу керек шығар!" - деп жазған олар.
Бұл оқиғаға байланысты Қарасай ауданының білім бөлімі өкілдері пікір білдіріп, жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген.
"Тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесі бойынша тиісті орындарға хат жолданатын болады", - делінген хабарламада.
Ал "С.Керімбеков атындағы орта мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесі әкімшілігі өкілдері әлеуметтік желіде тараған бірде-бір ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізген.
"Видеода көрсетілгендей, "кисельге су, компотқа түсін өзгерту үшін шай ұнтақтары (заварка) қосылады" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол жер - арнайы үлкен ыдыстарды жуатын ванна. Дәл сол уақытта кисельден және басқа да тамақтардан босатылған үлкен ыдыстардың жуылып жатқан сәті. Асхананың тамақ қалдықтары арнайы ыдыстарға жиналып шығарылады. Осы бейнежазбадағы "тазалық жоқ" деген ақпарат та жалған, себебі кесте бойынша әр тамақ ішілгеннен кейін тазалық жұмыстары үнемі жүргізіледі және артынша бракераждық комиссия мүшелері тексереді. Бракераждық комиссия асхананың жұмысын бақылауда ұстайды. Бейнежазбада көрсетілген ақпараттардың бірде-бір деректері анықталған жоқ. Бейнежазбаны түсірген адамға заңға сүйене отырып, арыз береміз және заң аясында жұмыс жүргіземіз", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Павлодардағы мектеп асханасында тамақтан құрт шыққаны хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Адам қуанғанда неге жылайды?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!