- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көлікті заңдастыру уақытын...
"Көлікті заңдастыру уақытын ұзартып, бізге сақтандыру полисін беруді талап етеміз" - атыраулықтар
Атырауда шетел көлігін жүргізушілер шу шығарды. Олар Еуразиялық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген көліктерді де заңдастыруды талап етіп отыр. Олар 215 мың теңге төлеп, көлігін тіркеуге қойып беруді талап еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Заңдастыру уақытын ұзартып, бізге сақтандыру полисін беруді талап етеміз. Бір талап сол. Уақыт шектеулі дейді. Уақыт шектеулі емес. Уақытты ұзартуға болады. Мында қаншама жігіт осы көлікпен балашағасын асырап жүр. Сондықтан билік басындағыларға, әкімдерге талабымыз - шетел көліктерін заңдастыру және сақтандыру полисін ұзартып беру", - дейді Салауат Көлбаев.
Жиналғандар шетел көлігін заңдастыру науқаны бәрін қамтымады, жеңілдік барлық көлік иесіне жасалсын дейді. Әрі Атыраудағы техниканы рәсімдеу ақысы да өзге өңірлерден едәуір қымбат деген пікірде. Алайда наразы топтың уәжін тыңдауға келген келген құзырлы орган өкілдері жүргізушілердің кейбір талабы орынсыз деп отыр. Сондай-ақ Еуразиялық одаққа мүше елдерден келген көлік иелері 1 шілдеге дейін өтініш беріп үлгерсе, 5 жылға дейін емін-еркін жүре алады дейді.
"Біз алдынан бері ескертіп жатырмыз ғой. 1 шілдеге дейін өтініш беріп тастаңыздар деп. 1 шілдеге дейін қаралады. Грузияға міндетті түрде мемлекет бажы төленеді. Сосын 1 қыркүйекке дейін кірген автокөліктер есепке қойылады. Қыркүйектен соң келгендер есепке қойылмайды", - дейді Атырау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының қызметкері Жеңіс Дәулетов.
Шетелдік көлікті заңдастыру: қазақстандықтар не білуі керек?
Еске салайық, биыл 23 қаңтардан бастап шетелдік көліктер заңдастырыла бастаған болатын.
- Көлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы керек;
- Криминалдық есепте болмауы керек;
- Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс;
- Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет.
Өтінім беру 1 шілдеге дейін жалғасты.
Көлікті заңдастыру үшін қажет құжаттар қандай?
- Өтінім;
- Өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
- Көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;
- Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.
Нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет.
- Алғашқы тіркеу үшін - 200 000 теңге;
- Техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ - 4 313 теңге;
- Мемлекеттік нөмір - 9 660 теңге. Одан соң көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина