Шетелдік көлікті заңдастыру: қазақстандықтар не білуі керек?

Шетелдік көлікті заңдастыру: қазақстандықтар не білуі керек?
Фото: elements.envato.com

23 қаңтардан бастап шетелдік көліктер заңдастырылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қандай көліктер заңдастырылады?

"Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл көліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер, оң жақтан басқарылатын көліктер", - делінген хабарламада.

Заңдастыру үшін талап етілетін ережелер қандай?

"- Көлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы керек;

- Криминалдық есепте болмауы керек;

- Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс;

- Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет", - делінген ведомство хабарламасында.

Өтінім беру 1 шілдеге дейін жалғасады.

Өтінім беру жолдары қандай?

- е-gov.kz электрон үкімет порталы арқылы;

- Екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы;

- ХҚКО-ның "Өз-өзіне қызмет көрсету секторы" арқылы.

Көлікті заңдастыру үшін қажет құжаттар қандай?

- Өтінім;

- Өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат;

- Көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;

- Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.

Нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет.

- Алғашқы тіркеу үшін - 200 000 теңге;

- Техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ - 4 313 теңге;

- Мемлекеттік нөмір - 9 660 теңге. Одан соң көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова