- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көлікті күзгі маусымға...
Көлікті күзгі маусымға қалай дайындаймыз: пайдалы кеңестер
Күз – ауа-райы құбылмалы болатын, ал жолдар тайғақ және қауіпті болатын уақыт. Көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін көлігіңізді күз мезгіліне алдын ала дайындау маңызды. Бірнеше пайдалы кеңес ұсынамыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көліктің бұзылған жерлерін жөндеңіз
Суық ауа-райы, жоғары ылғалдылық әдетте көлікте бар проблемалардың ушығуына ықпал етеді. Сондықтан көліктің қандай да бір ұсақ-түйек бұзылған жерлері болса, оларды күз келгенше жөндеп алыңыз. Оған қоса, детальдар күзгі және маусымаралық кезеңде қымбаттап кетеді.
Тежеуішті тексеру
Күз маусымына көлікті дайындаудың келесі қадамы - тежеуіш жүйесін тексеру. Бұл ұсынысты тіпті жаңа көлігі бар адамдар да орындауы қажет, себебі тежеуіш сіздің қауіпсіздігіңізге жауап береді. Жаңбырлы күндері жол тайғақ бола түседі. Егер мастерлер көлігіңіздің тежеуіш қалыбына күмәнмен қараса, оны ауыстыруға ақша аямаңыз. Сондай-ақ тежеуіш сұйықтығының деңгейін тексертіп алыңыз және қажет болса, оны толтыртып алыңыз.
Әйнек тазалағыштарды ауыстыру
Әйнек тазалағыштарға күзден көктемге дейін күш түседі. Кейде оларды әр маусым сайын ауыстыру қажет болады. Көлігіңізді күз маусымына дайындау кезінде тазалағыштар әйнегіңізді қалай тазартатынын тексеріңіз. Егер айғыз қалдырса және олар сықырласа, ауыстырып алған дұрыс.
Автомобиль шанағын ретке келтіру
Келесі қадам - шанақты тексеру. Көлігіңізді жудыртып, ол кепкеннен кейін, жақсылап тексеріп шығыңыз. Егер бір жерлерде жырықтар, сызаттар болса, міндетті түрде жөндетіңіз. Себебі ылғал коррозияны күшейтіп жібереді, ол күзгі жаңбырлардан соң үлкен даққа айналуы мүмкін.
Көлікті температураның түсуіне дайындау
Маңызды қадам - көлікті температураның төмендеуінен қорғаумен байланысты нәрселерді жасау:
- Резеңке нығыздағыштарға силикон герметик жағыңыз. Әсіресе, көлігіңіз ескі болса, уақыт өте резеңкелер қатты бола түседі де, күн суығанда сынып кетуі мүмкін. Сондай-ақ күндіз және түнде температуралар айырмашылығы қатты болса, резеңкеге ылғал жиналып, кейін төмен температурада қатып қалуы мүмкін. Бұл да нығыздағыштарға зиян.
- Әйнектер мен айналарды тексеріңіз: кішкентай жырықтардың өзі ылғалдың әсерінен суықта үлкейіп кетеді. Сондықтан сызаттарға және жырықтарға арнайы құрал жаққан жөн.
- Әйнек үрлеуін тексеріңіз: жаңбыр жауғанда терезе жапсаңыз, жиі алдыңғы әйнек суланып кетеді. Ауа ағынының күшті болғаны және терезені тез кептіруі маңызды.
- Пешті немесе кондиционерді тексеріңіз.
Оқи отырыңыз: Көлік не үшін өртенуі мүмкін?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова