Көлік не үшін өртенуі мүмкін?

Көлік не үшін өртенуі мүмкін?
Фото: ru.freepik.com

Көлік тек фильмдерде емес, шынайы өмірде де өртеніп кетіп жатады. Мысалы, Алматыда 3 маусым күні Toyota Land Cruiser автокөлігі жүріп бара жатып өртенген болатын. Көлік әртүрлі себепке байланысты жануы мүмкін. Өзіңізді және көлігіңізді мұндай қауіптен қорғау үшін оның мүмкін себептерін біле жүріңіз.

Көліктегі өрт - тек жүргізуші мен жолаушыларға емес, оның қасындағы автомобильдерге де қауіп төндіреді. Көлік құрылысына қолданылатын заманауи материалдар өртке қауіпсіз емес, сондықтан көлік бірнеше минуттің ішінде жанып кетуі мүмкін. Оған қоса, өрт сөндірушілер келіп үлгермейді және олар алдымен айналадағыларды қорғайды. Бірақ көліктің өртенуіне бірнеше фактордың сәйкестігі әсер етеді.

1. Көлік апаты

Көлік апаты - әркез емес, бірақ көліктің өртенуіне жиі себеп болады. Барлық заманауи автомобильдер соқтығысқан жағдайда көліктің маңызды немесе қауіпті ішкі құрылыстарының зақымдалуынан қорғалатындай етіп жасалған. Бірақ бұл 100% кепілдік бермейді, өйткені кез келген қатты апат бактың немесе отын жүйесінің тесіліп қалуын тудыруы мүмкін, ал ыстық газ шығаратын жүйе немесе зақымдалған сымдар бензин буларын тұтандырады.

Сондықтан, көлік апаты кезінде ол өртеніп жатпаса да, оған жоламаған дұрыс. Себебі ол кенеттен жанып кетуі әбден мүмкін.

2. Көлік конструкцияларының кемшіліктері

Егер өндіруші көлік конструкциясында қателік жіберген болса, ол оның өртенуіне себепші болуы мүмкін. Ол өртті туғызбайды, бірақ оның пайда болуына себеп бола алады. Мұндай жағдай көлік өндірушілерінде болып тұрады. Мысалы, көліктің жаңа түрін шығарған кезде оны шынайы шартта ұзақ уақыт сынамаса, барлық факторды ескеру мүмкін емес.

3. Өртеу

Бұл көлік өртенуінің жиі кездесетін себебі. Қастандық ойлаушылар өрт қою үшін көбіне қандай да бір жанғыш сұйықтық пайдаланады.

4. Мотордың қызып кетуі

Мотордың өздігінен тұтануы мүмкін емес, бірақ мотордың қызып кетуі салқындату жүйесіндегі сұйықтықтың немесе майдың қызып кетуіне әкеледі. Сонымен қатар, көліктің екі жүйесіндегі де қысым (салқындату жүйесі және майлау жүйесі) айтарлықтай артады, содан кейін сұйықтық қыздырылған моторға түседі, бұл өртке әкелуі мүмкін.


ru.freepik.com

5. Газ шығаратын жүйенің қызып кетуі

Бұл себеп жиі кездеспейді, бірақ мүмкін нәрсе. Көліктің газ шығаратын жүйесі үлкен термиялық жүктемеге ұшырайды, бірақ моторға жақын орналасқан каталитикалық бейтараптандырғыш қатты қызады. Егер автомобиль қалыпты жұмыс істеп тұрса, онда ешқандай қауіп жоқ, бірақ мотор бұзылып, жанбаған отын қоспасының бір бөлігі катализаторда жанып кететін кездер болады. Бұл газ шығаратын жүйе корпусының жоғары температураға (900 - 1000 градусқа дейін) артуына әкеледі. Мұндай температура өрт пайда болуына немесе мотор майының ағуына әкелуі мүмкін.

6. Автомобиль сұйықтықтарының жануы

Мотор майы, тежегіш сұйықтығы, рульдік басқару сұйықтығы, трансмиссия майы және жанармай сияқты әртүрлі жанғыш сұйықтықтар айналатын немесе сақталатын шлангтар, құбырлар немесе резервуарлардың механикалық зақымдалуына байланысты өрт пайда болуы мүмкін. Әрине, олар өздігінен өртенбейді, бірақ олар мотордың ыстық бөліктеріне, газ шығатын жүйеге немесе зақымдалған сымдарға түссе, олар оңай тұтанады.

7. Сымдар ақауы

Көлікте төмен кернеуге қарамастан жоғары тоқ пайдаланылады. Сондықтан сымдардағы кез келген қысқа тұйықталу ұшқынның пайда болуын ғана емес, сондай-ақ көлік ішін жағып жіберуі мүмкін. Сондықтан сымдардың ақаулығына күмәндансаңыз, жылдам жөндетіңіз.

8. Жанармай ағуы

Бұл көлік өртенуінің ең көп тараған себебі. Өйткені, бензин булары ұшқыннан, тіпті, 7 градус температурадан бастап да тұтануы мүмкін. 

9. Көліктегі кей заттар

Көлікте өрт шығуыны салонда қалған сіріңке, оттық, көзілдірік әйнегі және тіпті, суы бар бөтелке де (линза ретінде әсер етеді) ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ көлік ішінде темекі тартқанда абай болу керек.

А. Жапатова