Көлік өртеу, ұрып-соғу, қорқыту. Қазақстандық журналистерге жасалған шабуылдар

Көлік өртеу, ұрып-соғу, қорқыту. Қазақстандық журналистерге жасалған шабуылдар

ЮНЕСКО мәліметінше, 2006-2020 жылдар аралығында дүниежүзінде 1200 журналист өлтірілген. Ал 10 жағдайдың 9-ы сот тәртібінде ашылмаған күйінде қалған. Былтырдың өзінде, IPI Халықаралық баспасөз институтының мәліметінше, дүние жүзінде 66 журналист қаза болған. Оның ішінде, қызметіне немесе жұмыс бабы кезінде қаза тапқандар бар. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда көбірек: екі жыл бұрын 45 журналист қайтыс болған екен. Қазақстанда да журналистер мен басылымдарға шабуылдар жасалып жатады. Көбіне журналистердің өзіне қоқан-лоқы жасалып, редакцияларға шабуыл жасалған жағдайлар бар. Бірақ журналистерге күш қолдану оқиғалары да кездеседі. Massaget.kz тілшісі 2022 жылы қазақстандық журналистерге жасалған шабуылдар туралы баяндайды. 

Былтыр 20 тамызда Атырауда "Дорожный контроль" жергілікті ақпарат порталының журналисі Олеся Вертинская өз үйінің маңында соққыға жығылған. Журналистің сөзінше, белгісіз бір ер адам келіп, көмек сұрап артынша бірнеше аяусыз ұрып кеткен. Оқиға куәгері оны құтқарып қалған. Вертинскаяның мұрны сынған.

Олеся Вертинская. Фото: cpj.org

Ол күдіктінің бұл әрекетін журналистік қызметімен байланыстырған. Бұл оқиғаға дейін белгісіз біреу бейтаныс нөмірмен хабарласып, журналиске қоқан-лоқы көрсеткен. Бейтаныс адам журналиске "сақ болуын" ескерткен. Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша тергеу жүрді. 

Бұл оқиғаға қатысты сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров бірден пікір білдірген болатын. 

"Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасауға жол берілмейді! Құқық қорғау органдары құқық бұзушыны тауып, журналист Олеся Вертинскаяға қатысты шабуыл мен қауіп-қатер фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдайтынына сенімдімін", - деп жазды экс-министр

Былтыр 25 қарашада Түркістан облысында журналисті өлтіруге тапсырыс берген шенеунік пен оның сыбайластары сотталған болатын. Оқиға былтыр қаңтарда болған. Журналист Амангелді Батырбековтің үйіне киллер келіп мылтықпен атқан. Бірақ жалдамалы киллер журналисті оның ұлымен шатастырып алған. Денесіне бірнеше оқ тиген 31 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, емделіп шыққан болатын.

Журналист Амангелді Батырбеков

Көп ұзамай шабуыл жасағандар ұсталды. Қолға түскендер кісі өлтіруге Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов тапсырыс бергенін айтқан. Себебі шенеунікке журналистің өзі туралы бірнеше өткір мақала жазғаны ұнамаған. Сондықтан өзінің көмекшісіне 5 миллион теңге беріп, тілшінің көзін жоюды тапсырған.

@massaget.kz ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов енді 11 жылын темір торда өткізеді. Ал қылмысты ұйымдастыруға көмектескен үш ер адам 10 және 13 жыл аралығында жаза арқаласа, оқ атқан жалдамалы адам 12,5 жылға сотталды.

Былтыр 5 қазанда Orda.kz редакциясына белгісіз біреулер шошқаның басын әкеліп тастаған. Басылым мәліметінше, редакцияға қоқан-лоқы мен арандатушылық шабуылдар жасалып жүр.  

Оқиға былай болған: белгісіз біреу жеткізу қызметі арқылы Алматының Алмалы ауданында орналасқан тұрғын үйдің біріне қорап жеткізген. Қорапта шошқаның басынан бөлек, "Орданың" бас редакторы Гүлнара Бажкенованың суреті болған. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Orda.kz (@ordakazakhstan)

Оның алдында, яғни 4 қазанда әлдекімдер "Орданың" кеңсесі жағындағы балалар алаңына қоқан-лоқы сөздерін жазып кеткен. Келесі күні вандалдар балалар алаңын қиратып, сайттың атауын жазып кеткен. Сондықтан тұрғындар бұл жарнама екен деп ойлап, редакция кеңсесіне ашуланып келген. 

"Орда" журналистері қысым көрген жағдайда да жұмыс істеуін тоқтатпады. Арандатушылар тек бір әдісті қолданады. Біз жұмыс істеуді жалғаcтырамыз", - деген еді редакция тілшілері әлеуметтік желідегі парақшаларында.  

Сайттың бас редакторы Гүлнара Бажкеноваға жеке жасалған шабуылдар да бар. 15 қаңтарда белгісіз біреулер Бажкенованың үйінің есігін құрылыс көбігімен жауып тастаған. Қаскөйлер тек журналистің емес, көршілерінің де есігін құрылыс көбігін жағып кеткен. Тұрғындарға үйінен шығу үшін ТЖД өкілдерін шақыруға тура келген. Журналистің сөзінше, бұл осымен болған үшінші оқиға. Бұл туралы Бажкенова Elmedia.kz басылымына айтып берген. 

Elmedia.kz басылымының өзіне де бірнеше рет шабуыл жасалған. Былтыр 23 қарашада редакция кеңсесі орналасқан ғимараттың терезесін әлдекімдер сындырып кеткен. Полиция келіп, барлық саусақ ізін алып кеткен. 

Фото: Телеграм: Elmedia

Оның алдында, яғни 20 қараша күні де кеңсе орналасқан ғимаратқа біреулер тас лақтырып, терезесін шағып кеткен.


Фото: Телеграм: Elmedia

14 қазанда да дәл осындай оқиға болған, алайда бұл жолы қаскөйлер "ELMEDIA KZ. ИWES" деп қызыл бояумен жазып кеткен. Сонымен қатар, басылымның редакциялық нөмірлеріне қоқан-лоқылар жасалған.

Бас редактор Гүлжан Ерғалиеваға қоқан-лоқы жасалған. Редакция барлық жағдайда полиция келгенімен тергеуде ешқандай өзгеріс жоғын айтады. 

Күдіктілердің редакция кеңсесіне жасаған шабуылдары бақылау камерасына да түсіп қалған. 

Фото: facebook.com/guljan.tama

24 қарашада редакцияның кеңсесіне шабуыл жасады деген екі күдікті ұсталды. Екеуі де 18 жаста. Күдіктілерге "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Полиция ұсталғандар әрекетін мойындағанын айтты. 

Бұл оқиғадан кейін "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы мен Қазақстан Журналистер одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үн қатты. Олар журналист-әйелдерді қорғауға, сонымен қатар, елдегі ақпарат құралдарына жасалған заңсыздықтарды назардан тыс қалдырмауды сұраған болатын. 

Артынша Президент бұл үндеуге құлақ асып, ресми мәлімдеме жасады. Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың сөзінше, "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы мен Қазақстан Журналистер одағының үндеуін Президент назарына алған. 

"Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған адамдарды жауапқа тарту үшін болған оқиғаларды тергеу тиісті мемлекеттік органдарға тапсырылды", - деді Руслан Желдібай

14 қаңтарға қараған түні Алматыда белгісіз біреулер журналист Динара Егеубаеваның автокөлігін өртеп кеткен. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. 

Журналистің өртеніп кеткен көлігі

Артынша Полиция өкілдері бұл дерек Қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін айтты. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Кейіннен бұл істі жасады деген күдікпен 2005, 2006 және 2007 жылы туғандар ұсталды. Күдіктілердің сөзінше, олар белгісіз адамнан автокөлікті өртеуге интернет арқылы тапсырыс алған. Тапсырыс беруші адам да ізделіп жатыр.  

Жақында қазақстандық журналист Вадим Борейконың пәтеріне де шабуыл жасалды. Белгісіз біреулер оның пәтер есігіне монтаж көбігін жағып кеткен. Онымен қоймай қаскөйлер тұрғын үйдің кіреберіс есігіне анайы сурет салып, журналистің YouTube-арнасының атауын жазып кеткен. 

Полиция бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген болатын. Бұл істі тергеумен Алматының Бостандық аудандық полиция басқармасы айналысып жатыр. 

Вадим Борейко журналистерге жасалып жатқан шабуылдардың бәріне бір жерден тапсырыс түсіп жатыр деген болжам жасады. Оның ішіне журналист Ulys Media сайтының бұғатталуын да жатқызды. 

Айта кетейік, бүгінде Ulys Media сайты да бұғатталып тұр. Вадим Борейконың сөзінше, сайт бұғатталған күні бас редактор Самал Ибраева 18 қаңтарда журналиске хабарласып, сайт бұғатталғанын айтқан. Сонымен қатар, Ибраеваның сөзінше, сайтта Самал мен оның отбасы туралы мәліметтер тарап кеткен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина