- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кінәсін мойындады". Әнші...
"Кінәсін мойындады". Әнші Рахат Тұрлыханов қалай жазаланғаны белгілі болды
Әнші Рахат Тұрлыхановқа қандай жаза тағайындалғаны белгілі болды. Бұған дейін Алматының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әртіске қатысты іс қаралғаны хабарланған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ұрып-соғу фактісі бойынша Т.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды (әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабының 1-1-бөлігі). Сот өткен жылдың желтоқсан айында Т. үйде жанжал шығарып, жұбайын ұрып-соққанын анықтады. Сотта Т. кінәсін мойындады, жасаған ісіне өкініп, іс бойынша іс жүргізуді тараптардың татуласуы үшін тоқтатуды сұрады. Жұбайы іс материалдарында айтылған фактілерді растап, Т.-мен татуласқанын айтты", - делінген сот хабарламасында.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабының 1-1-бөлігінің санкциясы ескерту түріндегі әкімшілік жазаны немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
"Сот қаулысымен Т.ӘҚБтК - нің 73-2-бабының 1-1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және әкімшілік ескерту түрінде әкімшілік жазаға тартылды", - деп атап өтті сот өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс сотта қаралып жатқаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов - депутат Дәулет Тұрлыхановтың немере інісі. Былтыр қазанда Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып тастағаны туралы ақпарат тараған еді.
Еске салайық, бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы адвокатты соққыға жыққаны хабарланған болатын. Кейін депутат Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы қызды ұрды деп айыпталғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Әкежан қызды соққыға жыққаны туралы ақпарат пайда болды. Кейінірек мәжілісмен бұл жағдайдан бейхабар болғанын, жаңа ғана білгенін айтты. Сондай-ақ, депутаттың достары, замандастары осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
Рахат Тұрлыханов - танымал әнші. Оның "Әжеме", "Танцуй, как огонь", "Зимние ливни", "Азем" сынды әндері бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина