Кімдерге рақымшылық жасалады, кімдер бұл тізімге ілікпейді? Сенат заңды мақұлдады

Кімдерге рақымшылық жасалады, кімдер бұл тізімге ілікпейді? Сенат заңды мақұлдады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Бүгін Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңға Парламент депутаттары мұрындық болған, ол қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Құжат Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленді.

Жаңа Конституция қабылдануына байланысты Қазақстанда 15 мыңнан аса сотталған адам рақымшылыққа ілігеді.

Кімдерге рақымшылық жасалады?

Қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылады. Сондай-ақ, рақымшылыққа мына санаттар ілігеді:

  • ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталғандар, жазаның өтелмеген бөлігі жартысына қысқарады;
  • келтірілген залалды толық өтеген, ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар, мерзімі үштен бірге қысқарады;
  • залалды толық өтеген, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар, мерзімі төрттен бірге қысқарады;
  • залалды өтемеген, ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар, мерзімі төрттен бірге азаяды;
  • залалды өтемеген, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар, мерзімі бестен бірге қысқарады;
  • теріс мінез-құлқы жоқ, рақымшылық қолданылған кезде жаза мерзімі аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталғандар, жазаның барлық қалған мерзімінен босатылады.

Кімдерге рақымшылық жасалмайды?

  • террористік қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
  • экстремистік қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
  • сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сотталғандар;
  • ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері;
  • азаптау үшін сотталғандар;
  • кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандар;
  • қылмысын қайталағандар;
  • өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар;
  • сырттай сотталғандар.

Осылайша, рақымшылық 15,3 мыңнан аса сотталған адамды қамтиды. Оның ішінде 4,5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкерішілік пен жазадан босатылса, тағы 10,8 мың адамның негізгі жаза мерзімі немесе көлемі қысқарады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 10 мыңнан аса адамды қамтитын және ескі әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігін есептен шығаруға мүмкіндік беретін ауқымды рақымшылық жасауға дайындық жүргізіліп жатқаны хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget