Атышулы істер бойынша сотталғандар: Қазақстанда кімдерге рақымшылық жасалмайды?

Атышулы істер бойынша сотталғандар: Қазақстанда кімдерге рақымшылық жасалмайды?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда 16 мыңнан аса адамды қамтитын және ескі әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігін есептен шығаруға мүмкіндік беретін ауқымды рақымшылық жасауға дайындық жүргізіліп жатыр. Алайда заң жобасында рақымшылық жасалмайтын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың тұтас тізімі қарастырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева "кейінгі жылдары ең атышулы істер бойынша айыпталғандар рақымшылыққа үміт арта ала ма?" деген сауалға жауап берді.

Депутаттың айтуынша, Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты сотталған Қуандық Бишімбаев бостандыққа шығуға да, жаза мерзімін қысқартуға да үміткер бола алмайды.

Адам өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстар туралы сөз болып отыр. Адам өлтіру, суицидке итермелеу, денсаулыққа қасақана ауыр, орташа және жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, қинау, АИТВ жұқтыру рақымшылық қолданылатын әрекеттер қатарынан толық шығарылған.

Перизат Қайрат та рақымшылықтан үміттене алмайды. Депутаттың сөзінше, экономикалық қылмыстардың бір бөлігі заң жобасы аясына кіреді, бірақ аса ірі көлемдегі алаяқтық бұл тізімге енбейді. Перизат Қайрат аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырғаны үшін 10 жылға сотталған болатын.

Сонымен қатар, рақымшылық қаржы пирамидаларын құрушыларға, қылмыстық кірісті заңдастыруға, заңсыз банк қызметіне және басқа да қаржылық қылмыстарға қолданылмайды.

Снежанна Имашеваның сөзінше, рақымшылық блогер ерлі-зайыпты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға да қолданылмайды. Депутаттың айтуынша, қазіргі заң жобасында мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

"Заңсыз кәсіпкерлікке рақымшылық қолданылады, бірақ қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру туралы бап рақымшылық тізімінен шығарылған. Қылмыстардың бірі рақымшылыққа жатпаса, онда рақымшылық жасалмайды", - деп түсіндірді депутат.

Сондай-ақ, жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, азаптау, сталкинг, дропперлік және қыз алып қашу бойынша сотталғандар рақымшылыққа ілікпейді.

Бүгін Мәжіліс жаңа Конституция қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Рақымшылық 16 мыңнан аса адамды қамтиды, ал әкімшілік рақымшылық азаматтардың 17 миллиард теңгеге жуық айыппұлын кешіруге мүмкіндік береді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget