Шетелдіктерден кімдерге Қазақстанға кіруге тыйым салынған? Сыртқы істер министрлігі (СІМ) персона нон грата тізімі туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz ресми сауалына Сыртқы істер министрлігі мұндай тізімнің бар екенін растады. Алайда оның құрамына кімдер кіретіні хабарланған жоқ.
"Әлемдік тәжірибеге сәйкес, әрбір мемлекет өз аумағына кіруге тыйым салынған персона нон грата немесе шетелдік азаматтар тізімін жүргізеді. Қазақстан тарапы да бұл тәжірибені қолданады. Дегенмен, мұндай тізімдер жабық жүргізіледі және жарияланбайтыны хабарлаймыз", - делінген ведомство жауабында.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер мен елімізге қатысты теріс мәлімдемелердің назардан тыс қалмайтынын қосты. Мұның бір дәлелі ресейлік журналист Тина Канделакидің мәлімдемелеріне реакция.
Еске салайық, Канделаки Telegram-арнасында Қазақстанда орыс тілі шеттетіліп жатқанын хабарлады. Бұлай ойлауына бірнеше теміржол вокзалы атауын өзгерту себеп болған. Канделаки мұны "күмәнді шешім" деп атады.
Бұған қатысты журналисетр сауалына сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанға қарсы пікір айтқандарға керек кезде мемлекет шара қабылдайды.
"Оны бүгін немесе ертең кіргізесіздер деп талап етпеңіздер. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол (Тина Канделаки - автор) Қазақстанға келе қоймас, ал келсе кірмейді", - деді Айбек Смадияров.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!