Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде бюджет есебінен заңсыз оқып жатқандардың тізімін жариялауды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы Үкімет сағатында айтты. Бақытжан Базарбектің сөзінше, 15 үміткер бойынша республикалық комиссияның шешімі жоқ, алайда олар шетелде білім алып жатыр. Сондай-ақ, депутат 151 стипендия жоспардан, шектен тыс 2 миллиард 519 миллион теңге сомасына тағайындалғанын мәлімдеді.
"15 үміткер бойынша республикалық комиссияның шешімі мүлдем жоқ, бірақ олар оқып жатыр. 151 стипендия жоспардан тыс, лимиттен асыра, 2 миллиард 519 миллион теңге сомасына тағайындалған. ...Кімдердің балалары, кімдердің туыстары шетелде "тегін" оқып жүр? Министрлік олардың аты-жөнін анық әрі ашық жариялауға тиіс", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата өкілі Тілеген Қаскин "Болашақ" бағдарламасына қатысты мәселелерді айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова