Мәжілістегі Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата өкілі Тілеген Қаскин кейінгі бес жыл ішінде жоғары білім беру жүйесіне бөлінген қаржы көлемі 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін артқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір студенттер саны - 625 мың адам. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 77 мыңнан аса білім грантына жеткен. Жоғары аудиторлық палата өкілінің сөзінше, білім саласына жүргізілген аудит барысында қаржыландыру екі есеге жуық өскенімен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде сапа, ашықтық, нәтиже тиісінше өспегені анықталған.
"Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші төмендеп, 73-75 пайыздан 40-41 пайызға дейін қысқарды. ...Жоғары оқу орындары жыл сайын шамамен 20 мың IT маман даярлайды, алайда олардың тек 30 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады", - деді ол.
Сонымен қатар, бұрын оқудан шығарылған адамдарға сол білім деңгейі бойынша грант қайта тағайындалған 33 дерек анықталып, жалпы сомасы шамамен 85 млн теңге болған.
"2022-2024 жылдары шамамен 24 мың студент оқудан шығарылған, олардың оқуына 19,6 млрд теңге жұмсалған. Соның ішінде 10 мың студент бойынша жүйеде пайдаланылған грант сомасы туралы мәлімет мүлдем жоқ. Оқудан шығарылған студенттер бойынша қаражатты қайтарудың толық тетігі де жоқ. Сонымен қатар, грантты міндетті жұмыспен өтеуден жалтаруда магистратураға түсіп, кейін оқудан шығу арқылы жүзеге асырылатын қосымша схема қалыптасқан. Осы санат бойынша мемлекетке келген залал 10,8 млрд теңгеге бағаланады", - деді ЖАП өкілі.
Тілеген Қаскин "Болашақ" бағдарламасына қатысты мәселені де айтты.
"Министрліктің шешімі бойынша 340 үміткерге 7,7 млрд теңгеге жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда стипендия жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар, 151 стипендия бекітілген шектен тыс берілген. Ерекше назарға ілінгені - жасанды интеллект бағыты бойынша жағдай. Жоспарланған 54 стипендияның 5-еуі ғана тағайындалған, ал қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген", - деді ол.
Cонымен қатар, оқытушылар, студенттер және түлектер арасында сауалнама жүргізілген. Оқытушылардың 46 пайызы "еңбекақы бәсекеге қабілетсіз" деген пікірде. Студенттердің 41 пайызы "білім беру бағдарламаларын ескірген, практикалық тұрғыдан әлсіз" деп бағаласа, 45 пайызы "жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкес келмейді" деп есептейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова