1 аптадан кейін демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы басталады. Әдетте ата-аналар оқу жылына дайындықты тамызда-ақ бастайды. Қыз балаға қарағанда, ұлды мектепке дайындау арзанырақ. Massaget.kz тілшісі оқушы қызын мектепке дайындау үшін 5 қаланы аралаған анамен сұхбаттасты.
Биылғы оқу жылында түрлі өзгеріс болмақ. Бірақ министрлік мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілмейтінін мәлімдеген болатын. Оқушылар бұрын киген немесе алдын ала сатып алған формаларын қолдана алады. Баланы мектепке дайындау шығыны жыл сайын өзгеретіні белгілі. Бұған дейін Massaget.kz тілшілері ұл баланы мектепке дайындау үшін қанша шығын кететінін есептеген фоторепортаж дайындаған еді.
"50 мыңға жоспарлап едім"
Айнұр (есімі кейіпкердің сұрауы бойынша өзгертілді - еск.) - Отар ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Оның қызы биыл 7-сыныпқа аяқ басқалы отыр. Ана мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілмейтініне қатты қуанған. Ол мектепке дайындық шығынын 50 мың теңгеге жоспарлаған. Бірақ шығыны одан екі есе асып түскенін айтады.
"Биыл форма өзгермейді деп қуанып, 50 мыңға жоспарлап едім. Одан екі есе асып түсті. Оның өзі бір жейде, белдемше, аяқкиім, сөмке және дәптер-қаламына ғана жетті", - дейді Айнұр.
"Киімді 5 қаладан алдым"
Бір қызығы, Айнұр қызына киімді 5 қаладан алғанын айтады. Қызын мектепке дайындауды жаздың ортасынан бастаған. Әр қалаға бірден емес, арасына уақыт салып барғанын айтты.
"Ақтөбенің "Шығыс" пен "Орталық базарында", Тараздың "Тараз" бен "Ауыл-берекеде", Қордайдың "Бауырханында", Шымкенттің "Авто-Нұр", Алматының "Байсат", "Алтын Орда", "Ялян" базарларында болдым. Әр жерден ең арзанын алуға тырыстым", - дейді ол.
Әйел Таразға қыдырып барғанда сөмкелердің арзан екенін естіген. Ағылшын кітабы сиятын үлкен эко-былғарыдан жасалған сөмке алғанын, ауыстырып киетін белдемше және дәптер-қаламын алғанын айтады. Ақтөбеден спорт киімдерін, Шымкенттен жейде мен водолазка, қалған ұсақ-түйектің бәрін Алматы, Қордайдан алғанын айтады.
"Спорт костюмі футболкамен қоса 17 мыңға шықты, бірақ күштісін көрдік. 22 мың теңгеге тұр, өкінішке қарай, оған қаражатым жетпеді", - дейді әйел.
Айнұрдың қызына жұмсаған қаражатын санасақ:
Барлығы - 101 698 теңге.
Бұған дейін, Алматыдағы дүкен мен базарлардағы бағаларды салыстырып, дүкеннен киінсеңіз - 90 мың, ал базардан киінсеңіз 70 мың теңге боларына көз жеткізген едік.