"Биыл қымбат". Баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек?
1 қыркүйек таяп, мектепке қажет заттарды жинақтайтын кез келді. Біз ата-аналар бала-шағасына мектеп формасын алуы үшін әмиянында қанша ақша болуы керек, нені, қайдан, қаншадан алуға болатынын құлаққағыс етуді ұйғардық. Мassaget.kz тілшісі жаңа оқу жылына қанша ақша кетеді деген дәстүрлі есебін жүргізіп, Алматыда мектеп формасын сататын базарлар мен сауда үйіндегі бағаларды шолып көрді.
"Ақбұлақ" базары
Базарда аптаның ортасы болғандықтан ба халық көп емес. Мектеп формасы күнделікті қажетті заттар сататын сатушыларда ғана тұр, арнайы форма сатып отырғандарды көзіміз шалмады.
Барлық базарды аралап, арнайы мектеп формасын сататын сатушы таппағандықтан, күнделікті қажет заттармен бірге сатып отырған сатушыны сөзге тарттық.
Өзін бутиктің иесі ретінде таныстырған сатушы, биыл мектеп формасы қымбаттағанын, базарға келушілер аз екенін айтады.
"Ата-аналар мектеп формасын алуға 10 тамыздан кейін келеді ғой. Әзірге адам қарасы аз. Келгендердің өзі бағасы қымбат деп алмай кетіп жатыр. Мен тауарды Бішкектен алып келемін. Түркия мен Бейжіңнен алып келгенді қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Халықтың жағдайына қараймыз ғой. Қыздар мен ұлдарға Қырғызстаннан алып келген қысқа жеңді жейделерді 4 мың теңгеден, шалбарларды 5 мыңнан сатып жатырмын", - деді дүкен иесі.
Шынында да, базардан төмен баға байқамадық. Мектеп формасының Қазақстанда шығатын, сондай-ақ, Түркиядан, Бейжіңнен, Бішкек пен Өзбекстаннан келетін түрлері бар екен. Базарда көбіне Бішкектің киімдері тұр.
"Мен киімдерді Түркиядан алып келемін. Әрине, Қырғызстаннан келетін тауарға қарағанда қымбат, бірақ сапалы. Биыл баға көтерілген. Былтыр 4 мың теңгеге сатылған жейделер қазір 6-6,5 мың теңге тұрады. Шілдеге дейін бұрынғы баға сақталған, кейін бірден көтеріліп кетті", - дейді тағы бір бутик иесі.
Әрі қарай базарды аралап жүре бердік. Жолай мектеп формасын, аяқ киім сатқан дүкендерден бағасын сұрай жүрдік.
Сатушылардың сөзінше, қыз баланы мектепке дайындау ер балаға қарағанда әлдеқайда қымбатырақ. Мәселен, ер баланың формасы (костюм, шалбар, жейде) 20-25 мың теңге болса, қыз баланың формасына әлдеқайда қымбат.
Базарда қыздарға арналған жейде 4-9 мың теңге аралығында, сарафандар 8-10 мың теңге аралығында, белдемше 5 мың теңге. Қыз баланың спорт формасы 15-18 мың теңге болса, ер балаға арналған спорт киімі 15 мың теңге тұрады.
Сатушылардың сөзінше, бірінші сыныпқа баратын қыз баланы мектепке дайындау үшін шамамен 55-60 мың теңге қаражат жұмсалады.
Биыл сондай-ақ, аяқ киімдердің де бағасы 20-30 пайызға қымбаттаған. Сатушылар бұрын ер балалардың 7 мың теңгеге сатылатын аяқ киімдері қазір 10 мыңнан жоғары екенін айтады. Сапасына қарай тағы қымбаттай береді. Сондай-ақ, ұлдарға қарағанда қыздардың аяқ киімдері қымбат.
"Бағаның өсуіне карантин кезіндегі шекараның жабылуы, доллардың өсуі, түрік лирасының түсуі әсер етіп жатыр. Себебі, аяқ киімдерді Бейжің мен Түркиядан алып келеміз ғой. Былтыр мектепке киетін ең арзан аяқ киімдердің бағасы 3 мың теңгеден басталса, биыл ең арзаны 7-8 мың теңге", - деді аяқ киім сатып тұрған жігіт.
Баланың аяғынан жағымсыз иіс шығармайтын, таза былғары аяқ киім 15 мың теңгеден 25 мыңға дейін барса, Қытай өндірісінің аяқ киімдері 7,5-10 мың теңге аралығында.
"Қытайдан келетін аяқ киімдер 7 мың теңгеден басталады, Бейжің мен Түркиядан келетіндер 20 мыңның төңірегінде. Ата-аналар қалтасындағы қаражатқа қарай алады ғой. Былғары аяқ киімді де, арзан аяқ киімді де сұрап жатқандар бар. Бірақ карантиннің алдындағыдай сауда жоқ қой қазір. Бірен-саран адамдар келіп жатыр", - дейді сатушылардың бірі.
"Көк базар"
Зенков көшесіндегі 100 жылдан аса тарихы бар "Көк базардан" мектеп формасын сатып тұрған бір-екі жерді ғана байқадық. Сатушылар мектеп формасын іздеп келіп жатқандар аз екенін айтады.
"Биыл оқушылар бірыңғай форма киеді дегеннен кейін мектеп формасын алдырмадым. Тек жейде, шалбар, белдемше, костюм дегендерді жеке-жеке сатып жатырмын. Былтырға қарағанда биыл қымбат", - дейді сатушы.
Базарларды аралап шыққанда байқағанымыз - "Көк базардағы" баға "Ақбұлаққа" қарағанда 500-1000 теңге қымбат. Таңдау аз.
Abdi кеңсе тауарлары дүкеніндегі Glassman
Glassman-да тек отандық өнімді сататын дүкен. Сатушылардың айтуынша, дүкендегі тауарлардың матасы Түркиядан әкелінсе, өзі Алматы облысы Талғар ауданында тігіледі.
"Біздің дүкендегі киімдер осы Алматы қаласында тігіледі. Сапасы өте жоғары. Аяқ киімдер таза былғарыдан жасалады. Киімдердің матасы Түркия елінен алынады. Шілденің ортасынан бастап баға 20 пайызға өсті", - дейді сатушы Жұлдыз.
Қыз балаға арналған негізгі тізімнің Glassman-дағы бағасы:
Блузка немесе ақ жейде. Сапалы, тез тозып кетпейтін, денеге жағымды материалды жейде 6 мыңнан 10 мыңға дейін.
2. Белдемше 7-8 мың арасы.
3. Белдемшемен қатар, қызыңызға сарафан кигіземін десеңіз оның бағасы 10 мың теңге.
4. Бірыңғай форманың жакеті 12 мың
5. Шалбардың бағасы 7-9 мың
6. Жилеттің бағасы 6 мың теңге
6. Былғары туфлидің бағасы 20 мың теңге
7. Ақ түсті шұлық пен колготки 2000 ден 2500 теңгеге дейін.
Орташа есеппен қыз баланы киіндіруге жұмсайтын қаражатыңыз - 80 мың.
Ұл балаға арналған негізгі тізім:
1. Мектеп формасы "Ақбұлақ" базарында 15 мыңнан басталса, бұл жерде 20 мыңнан жоғары.
2. Қысқа жеңді жейде 6 мың, ұзын жеңді жейде 7 мыңнан басталады.
3. Былғары туфли 20 мың теңге
4. Шалбар 7-9 мың теңге арасы.
Орташа есеппен ұл баланы киіндіруге жұмсалатын қаражат - 60-65 мың теңге.
Біз Алматыдағы дүкендер мен базарлардағы бағаларды салыстырып, дүкеннен алсаң - 90 мың, базардан алсаң 70 мың теңге боларына көз жеткіздік.