Алаш Орда үкіметі 105 жыл бұрын 1917 жылғы 12 желтоқсанында құрылды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғалымдар Алаш Орда қайраткерлерінің туындыларын әлемнің түкпір-түкпірінен зерттеуді бастады. Биыл тарихи қорымыз түрлі жәдігерлерге толықты. Massaget.kz тілшісі кейінгі кезде табылған Алаш зиялыларының мұраларына шолу жасады.
Ахмет Байтұрсынұлының суреті
Бұл 1926 жылы Бакуде Түркология Конгрессінде түсірілген сурет. Суретте Ахмет Байтұрсынұлы бар. Оны Елдос Орда Facebook-парақшасында жариялаған еді. Суретт Әзербайжан тілінде жазылған Википедия жазбасынан алынған.
"Қазақстан атынан қатысқан делегация құрамында Ақымет Байтұрсынұлы да бар еді. Ақаңның туған күн төл мерекесіне орай тарихи оқиғаны жұрт есіне сала отырып, тарихи таспаны (суретті) назарларыңызға салып отырмыз", - деп жазды Елдес Орда.
Журналист Абылай Мауданның Facebook-парақшасында Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың дерек шықты.
Бұл сол Бакуде болған құрылтайдан түсірілген видео. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те жазған.
"8 минуттық видеода Ахмет Байтұрсынұлы 6 рет көрінеді. Бір қызығы съезде үш оператор жұмыс істеген. Біздің ғалымдар тауып әкелген видеодан бөлек, тағы екі аппараттың түсірген бейнежазбалары болуы мүмкін. Оны да табуды міндет етіп отыр жас ғалымдар", - деп жазды министр парақшасында.
Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы
Тағы бір жағымды жаңалық! Ахмет Байтұрсынұлы мемориал музей-үйінің жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан Имаханбет ұлт ұстазының домбырасы табылғанын айтты. Қызылорда қаласынан Жұмабай Байзақұлы деген кісі Райхан Имаханбетке хабарласып, ұстаз домбырасын өзінің қарындасына табыстағанын айтқан. Ал қарындасы - Ахмет Байтұрсынұлының жиені. Қазір домбыра қайта қалпына келтіру маманының қолында екен.
"Ахмет Байтұрсынұлының атын атауға болмайтын кезде табыстаған болуы керек. Луиза Әубакирова деген апайымыз домбыраға аса бір ұқыптылықпен қарамағанына өкінеді. Суреттен домбыраның жарты беті, құлағы, тиегі жоғын көруге болады", - дейді ғалым.
@massaget.kz #казахстан#қазақстан#ахметбайтұрсынов#150жыл#таным ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Алаш қайраткерлерінің суреті
Елдес Орданың Facebook-парақшасында Алаш өкілдерінің тағы бір тың суреті жарияланды. Бұл суретті Ұйғыр ғылым-академиясының мамандары Жапония мемлекет мұрағатының азия елдеріне қатысты сирек құжаттар бөлімінен алған. Бұл суреттерде алаш зиялылары Шәріпқан Көгедаев, Баймолда Қарекеұлы, Әбеу Құддышұлы, Райымжан Мәрсеков, Елісқан Әліпұлы сынды бірқатарлы қазақ зиялылары бейнеленген.
Алаш сарбаздарының тізімі
2015 жылы Алаш сарбаздарының тізімі табылды. Белгілі тарихшы, зерттеуші Берік Әбдіғалиұлы Ресей архивтерінен тың деректі, еш жерде жарияланбаған фотолар мен бейне материалдарды тапты. Ол Колчак армиясының қатарында 2000-2500-ге жуық қазақ әскері болған айтады. Ал тізімде тек 600 қазақ тіркелген.
Ахмет Байтұрсынұлының "Маса" кітабының түпнұсқасы
Павлодарда Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде Ахмет Байтұрсыновтың "Маса" кітабының түпнұсқасы пайда болды. Жәдігер Аққулы ауданы Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымовтың үйінде сақталған. Ал кітапты музейге бауыры Талғат Қасымов тапсырды.
Мұстафа Шоқай мұрасы
Жақында Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұрасы табылды. Ғалымдар АҚШ пен Голландияда ұзақ уақыт зертеу жүргізіп, тың деректерге қол жеткізді. Бұл жөнінде Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференциясында мәлім болды.
"Мұстафа Шоқай Еуропада жүріп, саяси бағыттағы "Яш" басылымда Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ, Орал, Қырым, Грузия және Украина халықтары туралы мақалалар жариялаған. Сондықтан зерттеу жұмыстарын әлі жүргізіп жатырмыз", - деді ғалым Абид Тахирли.
Ғазымбек Бірімжанның суреті
Мәскеу орталық архивінен Алаш тұлғаларының бірі Ғазымбек Бірімжанның бұрын ешқайда жарияланбаған суреті табылды.
Бұл туралы қайраткерді кеңінен зерттеп жүрген жас ғалым Данияр Ихсан Facebook-парақшасында бөлісті. Суретті ғалымға Ғазымбек Бірімжанның Ресейде тұратын ұрпағы Лейла Айтхожина жолдаған.
"Ғазымбек Бірімжанның суреті табылды. 1917 жылы түсірілген. Суретті ұрпағы Лейла Айтхожина апайымыз жіберді", - деп жазды Данияр Ихсан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!