- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Келіншегінің аяғы ауыр...
"Келіншегінің аяғы ауыр екен". Желіде қаза тапқан кеншілердің бірінің соңғы видеосы тарады
Журналист Айсұлтан Жақыпов әлеуметтік желіде Қарағанды облысындағы шахтада қаза тапқан кеншінің видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше қаза тапқан 14 кенші жерленген болатын.
"Марқұм Ақынжан Орақбаевтың соңғы жүктеген видеосы. Соңында қызы қалды. Келіншегінің аяғы ауыр екен... Марқұмның жаны жаннатта шалқысын!" - деп жазды журналист.
Әлеуметтік желі қолданушылары бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған жағдайға байланысты марқұмдардың отбасына көңіл айтқан.
"Қайран жерлесіміз.... Жап-жас, қыршынынан қиылып кете барды.... Келіншегі арыстандай ұл туып, ұрпағы жалғассын деп дұға жасайық....", "Өсиетін ақтарып кете барыпты, иманды болсын жарықтық", "Марқұмның жаны жәннатта болсын. Жап-жас жігіт, өмір сүретін-ақ шағы...", "Отбасы аман болсын", "Асыл азамат екен. Нұры пейіште шалқысын. Ұрпағы аман болсын", "Алла алдынан жарылқасын. Қаншама отбасы қан жұтты. Жақындарына сабыр берсін", - дейді олар.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова