Қарағандыда Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Марқұмдардың туыстары әлі де болған оқиғаға сенбейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 қазанда Қарағандыда Әсет Мұсабековті жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Ол небәрі 44 жаста еді. Әсет шахтада 16 жыл жұмыс істеген. Оның артында жұбайы мен екі ұлы қалды.
"Біз 7 жыл дос болдық, 21 жыл отбасы болдық. Бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Екі ұлымыз бар, ол ұлдарын мақтан тұтты. "Менің екі қорғаным бар" дейтін. Күйеуім мен әріптестерінің қазасы бәрімізді дүр сілкіндірді. Әлі күнге дейін сене алмаймын. Жақында демалысқа жоспар құрдық, ол жаңа жылды Алматыда отбасымен қарсы алғысы келді", - деді марқұмның әйелі Гаухар.
Қайғылы оқиғадан бір апта бұрын Әсет жұбайын мейрамханаға шақырыпты. Гаухар күйеуі әрқашан романтик болғанын айтады.
"Ол сары раушаннан гүл шоғын сыйға тартты. Оларды көргенде "неге мұндай раушандар? Сары гүлдер ажыраудың белгісі ғой" дедім. Ол бұл гүл өзіне ұнағанын, мені ерекше раушандармен таңғалдырғысы келгенін айтты. Бірақ кейін күтуді өтініп, қызыл раушаннан үлкен гүл шоғын әкелді. Ішінде "әрқашан бақытты бол және армандарың орындалсын" деген ашықхаты болды. "Мен сені сүйемін, Гаухар. Әсеттен" деген жазуы да болды. Білмеймін, өзінің енді жанымызда болмайтынын сезді ме екенін?" - дейді ол.
Гаухар апта бойы Әсет отбасына жағымды тосынсыйлар ұйымдастырғанын есіне алды. Кинотеатрға барып, торттар мен тәттілер сатып алған. Отбасымен көбірек уақыт өткізгісі келіпті.
Қайғылы оқиға болған түні Гаухар ұйықтай алмапты. Ал таңертең шахтадағы жарылыс туралы білген. Соңына дейін күйеуі тірі табылатынына сеніпті. Ол соңғы 13 адамның бірі болып табылды.
30 қазанда Қарағандыда 42 жастағы Жанболат Магиевтің де жақындары оны ақтық сапарға шығарып салды. Жарылыс кезінде оның денесі қатты зардап шеккен. Ер адамның артында жұбайы мен үш баласы қалды.
"Жанболат екеуміз көпбалалы отбасынан шыққанбыз, ата-анамыздан ерте айырылдық, өмірдегі барлық нәрсеге өз күшімізбен қол жеткіздік. Әскерден кейін ол ұзақ уақыт бойы жұмыс таба алмады. Сегіз жыл бұрын шахтаға жұмысқа орналасты. Ол қант диабетімен ауырғанына қарамастан сол жерде жұмыс істеді. Өзін аямады, балаларының ештеңеге мұқтаж болғанын қаламады. Жақында Пришахтинскіде ипотекаға пәтер рәсімдеді. Бұған дейін 11 жыл бойы баспана жалдады. Бәрі енді ғана жақсара бастаған кезде оны жоғалтып алдық. Бұл оқиғадан 2-3 күн бұрын ол бірнәрсе сезгендей болды. Барлық туысына қоңырау шалды. Бірінші некеден туған үлкен қызымен кездескісі келді. Енді олар жерлеу рәсімінде кездесті. Маған қонаққа келгісі келетінін айтты. Ол осы ауысымнан кейінгі күні еңбек демалысына шығуы керек еді", - деді марқұмның әпкесі Зәуреш Магиева.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал кейін қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Кеше Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!