ҚазҰУ-да студент қазасынан кейін проректор мен декан қызметінен босатылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті қаза болғаннан кейін оқу орнында бірқатар қызметтік шешім қабылданды. Университет басшылығы әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты, – деп хабарлайды Massaget.kz.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл шешім тәрбие жұмысының тиісті деңгейде жүргізілмеуіне, сондай-ақ жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің қамтамасыз етілмеуіне байланысты қабылданған.

«Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды: Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Сонымен қатар қайғылы жағдай болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілген. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Жатақханаларда бақылау күшейтілді

Оқиғадан кейін университеттің барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтілген. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.

Оқу орны марқұмның отбасымен байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын», – деді ҚазҰУ өкілдері.

Университет тергеуге көмектесіп жатыр

ҚазҰУ басшылығы оқиғаға қатысты деректерді жасырмайтынын және құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Университет өкілдерінің айтуынша, оқу орны істің әділ әрі ашық тергелуіне мүдделі.

Алайда Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу деректерін жариялауға қойылатын шектеулерге байланысты әзірге өзге ақпарат берілмейді.

«Қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалық туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз», – делінген университет мәлімдемесінде.

Айта кетейік, 16 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған еді. Кейіннен ақпарат расталып, Алматы полициясы күдіктінің ұсталғанын хабарлаған болатын.